12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Расулуллаһтың тамақтануы

Расулуллаһтың тамақтануы

Әбу Жухайфә айтады: «Пайғамбарымыз «Мен бір нәрсеге сүйеніп отырып тамақ жемеймін» деді. Сүйенудің үш түрі бар: Бір жағына сүйену, малдас құру, бір қолын таянып, екіншісімен тамақ жеу.Бұл үшінші түрі бұрыс әрекет деп саналады.

Пайғамбарымыз тамақты үш саусақпен, сұқ саусақ және оның екі жағындағы саусақтарымен жейтін.

Пайғамбарымыз айтады:

«Тамақтың берекесі: Тамақтан бұрын дәрет алуда, тамақтан кейін де дәрет алып, қол жууда».

«Кімде-кім қолындағы ет, май иісін, ыдыс-аяқтарын жумай ұйқыға жатып, басына бір нәрсе келетін болса өзінен басқаны айыптамасын!»

Пайғамбарымыздың Ғарра деп аталатын бір ыдысы бар болатын. Сәске уақытында Духа намазын оқығаннан кейін ішіне тирид тамағы салынған осы ыдыс әкелініп ортаға қойылатын. (Тирид – майда-майда нан мен көп ет араластырылып жасалатын тамақтың атауы).

Мұсылмандар тирид салынған ыдыстың басына жиналған кезде, пайғамбарымыздың екі тізесіне шөгіп отырғанын көрген бір бәдәуи (шөлдегі ауыл адамы) «Бұл қандай отырыс?» деді.

Пайғамбарымыз «Күмәнсіз, Аллаһу та’ала мені кең пейілді құл етті. Қинаушы және қыңыр етпеді. Қане, шетінен тамақты бастаңдар! Төбесінен, ортасынан жеуді тастаңдар.

Тамақтың берекесі төбесінде, ортасында. Бірілерің тамақ жер кезде табақтың орта жағынан жемесін. Бірақ, астыңғы жағынан жесін. Өйткені, береке оның орта жағынан түседі» деген.

Омар бин Әбу Сәләмә айтады: «Мен Пайғамбарымыздың тәрбиесінде болған бала едім.Тамақ жегенде қолым табақтың ішін аралап кететін. Пайғамбарымыз алейһиссалам маған «Ей бала! Бисмилләһ айт! Оң қолыңмен же! Алдыңнан же» деді.Содан кейін солай жейтін болдым.

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Біреуіңнің қызметшің, тамағын дайындап әкелген кезде, ол қызметші тамақтың ыстығына, түтініне шыдаған. Оны да дастарханға бірге отырғызсын, ол да жесін. Егер тартынып, бұлай істемесе немесе тамақ аз болса қолына бір-екі үзім салсын» деген.

Пайғамбарымыз ешқандай тамақты жаман деп санамаған, жиренбеген.

Бір тамақты қаласа жейтін, қаламаса жемейтін, ешнәрсе айтпайтын.

Ең ұсақ нығметтің өзіне құрмет көрсететін. Ешқандай нығметке жақтырмаушылық жасамайтын.

Ешқандай нығметті ұнатса мақтамайтын, ұнатпаса жамандамайтын.

Тамақ ортаға қойылғанда пайғамбарымыз:

«Аллаһуммә барик ләна фимә рәзақтәна уәқина азабәннәр. Бисмилләһ» деп дұға еткеннен кейін тамақ жеуді бастайтын.

Хазреті Айша анамыз айтады: «Расулуллаһ алейһиссалам «Сендерден бірің тамақ жер кезде «Бисмилләһ» десін, ұлы Аллаһтың есімін айтсын.

Тамақтан бұрын мұны айтуды ұмытса «Тамақтың әуелі мен ахыры үшін бисмилләһ» десін» деп бұйырды».

Үмәййә бин Махшидың білдіргені бойынша, бір адам бисмилләһты айтпастан тамақ жеп отырды, пайғамбарымыз оған қарап тұрды. Тамақтан бір үзім қалып, оны да аузына салған кезде әлгі адам «Бисмиллаһи әууәлиһи уә ахириһи» деді.

Пайғамбарымыз алейһиссалам күлді. Сосын «Шайтан онымен бірге тамақ жеп отыр еді. Адам Аллаһу та'аланың атын айтқан кезде шайтан қарнында ешнәрсе қалдырмай жегенінің бәрін құсып тастады» деді.

Пайғамбарымыз алейһиссалам дәрет пен ғұсылда, аяқ киімін киюде және тарануда мүмкіндігінше оң жақтан бастағанды жақсы көретін, бір нәрсе алатын кезде оң қолымен алатын, бір нәрсе беретін кезде оң қолымен беретін және бастайтын нәрсесінің барлығын оң жақтан бастайтын.

«Сендердің бірің аяқ киімін киетін кезде, киюді оң жақтан бастасын. Аяқ киімін шешерде де, шешуді сол жақтан бастасын.

Аяқ киім киерде оң аяқ аяқтардың біріншісі, шешерде оң аяқ аяқтардың соңы болсын» деген.

Абдуллаһ бин Омардың білдіруі бойынша: пайғамбарымыз алейһиссалам «Сендерден бірің тамақ жейтін кезде оң қолымен жесін. Бір нәрсе ішетін кезде де оң қолымен ішсін. Өйткені, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді» деген.

Сәләмә бин Әкуа әкесінен естіп білдіргені бойынша: «Пайғамбарымыз алейһиссалам Әшжаъ тайпасынан Буср бин Раийул'ир деген адамның сол қолмен тамақ жегенін көріп, оған «Оң қолыңмен же!» деп бұйырды».

Әлгі адам «Бұған күшім жетпейді, оң қолыммен жей алмаймын» деп өтірік айтты.

Пайғамбарымыз «Күшің жетпесін! Мынаған оң қолмен жеуге тек тәкаппарлығы мен мақтаншақтығы ғана жол бермеуде» деді. Осыдан кейін ол адам оң қолын аузына апара алмайтын болып қалды.

Пайғамбарымыз «Азиз және Жәлил болған Аллаһ, желінетін нәрсені жеп немесе ішілетін нәрсені ішіп, осы үшін Оған шүкіршілік еткен құлына, шынымен разы болады» деген.

Әбу Саид-ул Худри айтады: Пайғамбарымыз жеп-ішкенде былай дұға ететін:

«Әлхамду лилләхилләзи әт'аманә уә сәқанә уә жаалнә Муслимин» (Бізді жеп-ішкізіп және мұсылмандардан еткен Аллаһқа хамд болсын).

Әбу Умамәт-ул-бахилидің білдіргені бойынша: Пайғамбарымыз алейһиссалам тамағын жеп, дастархан жиналар кезде былай дұға ететін:

«Әлхәмду лилләһи кәсирән тайибән мубәрәкән фиһи ғайрә мәкфиин уәлә мууәддаин уәлә мустағнән анһу Раббәнә» (Хамд Аллаһқа тән)».

Ей Раббымыз! Біз саған өте көп, барлық кемшіліктен пәк, іші берекеге толы, кері қайтарылмайтын, тәрк етілмейтін хамдпен хамд етеміз.

«Әлхәмду лилләһилләзи кәфана уә әруана ғайрә мәкфиин уәлә мәкфурин» (Бізге жеткілікті мөлшерде жегізген, ішкізген, бізді кері қайтармаған және ашкөз етпеген Аллаһқа хамд етеміз).

Әбу Хурайраның білдіргені бойынша пайғамбарымыз тамақ жеп болғаннан кейін қолын жуатын.

Пайғамбарымыз дүниеге және дүниелік нәрселерге мән бермейтін.

Абдуллаһ бин Мәсуд айтады: «Пайғамбарымыз алейһиссалам бір қамыстан өрілген төсеніштің үстіне жатып ұйықтап қалғанда, бүйіріне ізі түсіп қалған болатын. Оянған соң бүйірін уқаладым. «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Бізге айтқаныңызда ғой, төсеніштің үстіне бір нәрсе салар едік» дедім.

«Сізге бір жұмсақ төсек дайындасақ» дедік.

Пайғамбарымыз «Дүниеге тән нәрселер маған не үшін керек? Менің дүниемен байланысым бір ағаштың астында біраз көлеңкелеп, оны тастап жолын жалғастырған адамның жағдайына ұқсайды» деді.

Әбу Умамет-ул-бахилидің білдіргені бойынша пайғамбарымыз «Азиз және жәлал болған Раббым маған Меккенің жерін алтын етуге ұсыныс жасады. «Жоқ, йа Раббым! Мен бір күн тоқ болайын, бір күн аш болайын. Аш болған кезімде саған құлшылық жасап, сені зікір етейін. Тоқ кезімде саған шүкіршілік етейін» дедім» деген.

Хазреті Айша анамыз айтады: «Пайғамбарымыз алейһиссаламның Мәдинаға келгеннен қайтыс болғанға дейін үй-іші үш түн қатарынан бидай нанымен қарындарын тойдырмаған. Пайғамбарымыз және үй-іші көбінесе арпа наны мен құрма жейтін және мұның өзі аса көп болмайтын.»

Расулуллаһ алейһиссалам қайтыс болардан бұрын сауыт көйлегін үйіндегілердің тамағы үшін Әбу Шахма деген яһудиден алған бір «уәск» немесе отыз «Са» мөлшердегі арпаға кепілге қойған.

Хазреті Айша анамыз: «Мұхаммед алейһиссаламды хақ дін және кітаппен пайғамбар етіп жіберген Аллаһқа ант ете отырып айтамын: Ұлы Аллаһтың пайғамбар етіп жіберген кезінен бастап рухын алған кезге дейін өзі елек көрмеген, елекке еленген ұннан жасалған нан да жемеген» деген. «Олай болса арпаны қалай жейтін едіңіздер?» деп сұрағанда «Кебегін (Уф!) деп үрлейтінбіз. Пайғамбарымыз алейһиссалам қайтыс болғанға дейін өзі де, үй-іші де екі күн қатарынан арпа нанына қарындарын тойдырмаған. Уаллаһи, пайғамбарымыздың үйінде қырық түн күтетінбіз, не шырақ, не бір от жағылмайтын. Айлар өтетін, Мұхаммед алейһиссаламның үйлерінің ешқайсысында от жанып, түтін көрілген емес.

Екі ай өтіп кететін. Мұхаммед алейһиссаламның үй іші үшін нан пісірілмейтін, қазанда тамақ  пісірілмейтін.

Біз  Әсуәдәйнге, яғни құрма мен суға тойған кезімізде Расулуллаһ алейһиссалам қайтыс болды. Пайғамбарымыздың қарнына бір күнде екі түрлі тағам кірген емес, құрмаға тойған кезінде нанға тоймайтын, нанға тойған кезде де құрмаға тоймайтын. Міне, мені жылататын да осы» деген.

Әнәс бин Малик: «Пайғамбарымыз Аллаһқа қауышқанға дейін хиуанның үстінде отырып бір нәрсе жегенін, не таза бидай ұнынан жасалған нан, не қуырылған қозы кәуәбін алдына қойып отырғанын көрмедім»- деген.

(Хиуан – тамақ қоятын үстел сияқты нәрсе)

Әбу Хурайра хазреттері пайғамбарымыздың «Аллаһым! Мұхаммедтің үй халқын өлмейтініндей ризықтандыр! Мұхаммедтің үй-ішінің ризығын өлмейтіндей ет» деп дұға еткенін білдірген.

Расулуллаһ алейһиссалам жейтін нәрсесін дастарханда жейтін.

Расулуллаһ алейһиссалам ешқашан «ананы пісіріңдер, мынаны пісіріңдер» демейтін. Не бар болса соны жейтін. Хазреті Айша анамыз айтады: Пайғамбарымыз алейһиссалам қасыма келіп «Жейтін нәрсе бар ма?» деп сұрайтын. «Жоқ» десем, «Олай болса мен оразамын» дейтін.

Пайғамбарымыз алейһиссалам бір күні бізге келген еді. «Йа Расулаллаһ! Бізге бір сыйлық келді» дедім. «Ол не?» деп сұрады. «Хайс» дедім. «Бірақ, мен ораза болып тұрдым» деді. (Хайс – құрма, май және ірімшік араластырып жасалатын тағам)

Пайғамбарымыз халуа мен балды, нан сорпасын, құрма тиридін, көкөніс тағамдарын жақсы көретін. Оған сүт әкелінген кезде «Сүтте екі береке бар» дейтін.

Абдуллаһ бин Аббас айтады: «Халид бин Уәлид екеуміз пайғамбарымыз алейһиссаламмен бірге нағашы әпкем Мәймунә бинти Харистің үйіне бардық. Умму Хуфәйд пайғамбарымызға сиыр майы мен сүт сыйлады.

Әпкем «Сыйланған сүттен берейін бе?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Жарайды» деді. Әпкем барып, бір ыдыспен сүт әкелді.

Пайғамбарымыз алып ішті. Мен пайғамбардың оң жағында едім. Халид бин Уәлид сол жағында еді. Расулуллаһ сүттен артылғанын маған беріп, «Сен іш. Қаласаң Халидке бер» деді.

«Мен сізден артылғанын ішуде ешқашан, ешкімді өзімнен артық көрмеймін» дедім.

Сосын пайғамбарымыз: «Аллаһ бір тағам жеуді нәсіп еткен адам «Аллаһуммә бәрик ләнә фиһи уә атамна хайран минһу - Аллаһым! Сен бұл тағамда бізге береке ихсан ет. Бізге одан хайырлысын да жегіз» десін».

Аллаһтың сүт ішкізген адамы да «Аллаһуммә бәрик ләнә фиһи уә зиднә минһу – Аллаһым! Сен бұл сүтпен бізге береке бер» десін. Өйткені, тағам мен сусынның орнын сүттен басқа ештеңе баса алмайды» деген.

Мәдиналық мұсылмандар құрмаларының алғашқы пімкендерін жинап оны пайғамбарымызға әкелетін. Пайғамбарымыз ол құрманы қолына алып, береке дұғасын оқығаннан кейін балалардың ең кішкентайларын шақырып, соған беретін. «Бір үйде құрма болмаса ол үйдің адамдары аш» дейтін.

Әнәс бин Маликтің білдіргені бойынша пайғамбарымыз алейһиссалам асқабақ тағамдарын жақсы көретін. Ішіне асқабақ қосылған тамақ әкелінгенде асқабағы алынып пайғамбарымыздың алдына қойылатын. Пайғамбарымыз қойдың етінің ең дәмді жері арқасының еті екенін айтатын.

Умму Әйубтан «Расулуллаһ алейһиссалам сіздің үйіңізде жеті ай тұрды. Ол қандай тамақты жақсы көретін еді?» деп сұралды.

Умму Әйуб «Оның өзі үшін белгілі бір тамақты пісіруді сұрағанын, не ұнатпайтын тамағын жамандағанын көрмедім. Оған хәрисә, кешкек жасап, оған ұнағанын көрдік те, бұл тамақты бес күнде, алты күнде, он күнде бір дайындайтынбыз» деді.

Әбу Мусал-Әшаридің «Пайғамбарымыздың тауық етін жегенін көрдім» дегені білдірілген.

Пайғамбарымыз алейһиссалам тамақтың түбінде қалғанын жегенді ұнататын. «Кімде-кім табақта, ыдыста тамақ жегеннен кейін оны тазалап қойса, ол сол адам үшін истиғфар етеді» деген.

Пайғамбарымыз жасыл құрмамен бірге қауын, қияр жейтін. «Мұның ыстықтығын оның суықтығымен, оның суықтығын мұның ыстықтығымен ауыстырамыз» дейтін.

Пайғамбарымыздың былай дегендігі де білдірілген: «Ей Әбу Зәр! Ет пісірген кезде суын көбейт те көршілеріңді де ескер, одан көршілеріңе де бөліп бер».

«Көршісі аш отырып, өз қарнын тойдырған адам, жақсы мұсылман емес».

«Аллаһқа ғибадат етіңдер. Тамақ беріңдер. Сәлем беруді таратыңдар, жаннаттарға барасыңдар».

«Бір адамның тамағы екі адамға жетеді. Үш адамның тамағы төрт адамға жетеді. Төрт адамның тамағы сегіз адамға жетеді».

«Әсма бинти Әби Бәкір піскен тамақ қайнап біткенше және буы кеткенге дейін жабық тұруына кеңес беретін және пайғамбарымыздың «Оның берекесі осында» дегенін есіттім» дейтін».

Расулуллаһ Мекке алынған кезде көкесі Әбу Тәліптің қызы хазреті Уммуханидің үйіне барған болатын. Одан «Жейтін бір нәрсеңіз бар ма?» деп сұрады. Хазреті Уммухани «Жоқ, тек қатқан нан ұсақтарымен сірке суы бар. Бірақ, оларды сізге беруге ұяламын» деді.

Пайғамбарымыз «Оларды әкел. Судың ішіне ұнтақта. Тұз да ала кел» деді. Сірке суын соның үстіне құйып жегеннен кейін Аллаһқа шүкіршілік етті.

«Ей Уммухани! Сірке суы қандай жақсы қоспа. Сірке суы бар үй қоспадан махрұм саналмайды» деді.

«Сусындардың қайсысы дәмді» деп сұралған кезде Расулуллаһ «Таза, салқын су» деген.

Пайғамбарымыз алейһиссалам Буют-ус-суқиядан әкелінген бұлақ суынан ішетін. Буют-ус-суқиядағы бұлақ Мәдинадан екі күндік жерде болатын.

Пайғамбарымыз: «Сендерден бірің бір нәрсе жеген кезде оң қолымен жесін. Бір нәрсе ішкенде де оң қолымен ішсін. Өйткені, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді» деген.

«Сендерден бірің бір нәрсе ішкен кезде ыдыстың ішіне үрлемесін» деген, желінетін және ішілетін нәрселердің ішіне үрлеуге тыйым салғаны сияқты алтын, күміс ыдыстармен ішіп жеуге де тыйым салған.

Пайғамбарымыз алейһиссалам су ішкенде бір кесе суды екі-үш рет дем алып ішетін және «Бұл пайдалы және тез қандырады» дейтін.

«Сендерден бірің бір нәрсе ішкенде арасын үзбей бір деммен  ішпесін».

«Түйелер сияқты бір деммен ішпеңдер. Екі немесе үш рет дем алып ішіңдер. Сосын, ішетін кезде «Бисмилләһ» және ауыздарыңды ыдыстан алған кезде «Әлһәмдулилләһ» деңдер» деген.

Нәуфәл бин Муауиә: «Пайғамбарымыз алейһиссалам бір нәрсе ішкенде үш рет дем алатын. Біріншісінде бисмилләһ деп Аллаһу та'аланың есімін айтатын, соңында әлһәмдулилләһ деп шүкіршілік ететін» дейді.

Хазреті Айшаның білдіргені бойынша: Пайғамбарымыз өзіне арнап таңертең кесеге құйылған жүзім шырынын кешке ішетін. Кешке құйылған жүзім шырынын таңертең ішетін.

Тамақтан бұрын және тамақтан кейін қол жуу және оң қолмен жеу және оң қолмен ішу Расулуллаһтың әдеті болатын. Тамақтан бұрын қол жуғанда алдымен жастар, тамақтан кейін алдымен қарттар жуатын.

Табақтың шетінен жеу, өз алдынан жеу, сол тізесін жерге қойып оң тізесін көтеріп отыру – Расулуллаһтың сүннеті. Өте ыстық нәрсені жемеу керек және иіскемеу керек. Тамақ жеп отырғанда еш сөйлемеуді пайғамбарымыз жөн санамайтын. Ол отқа табынатындардың әдеті болатын. Жақсы нәрселер айту керек. Тұзбен бастап, тұзбен аяқтау – Расулуллаһтың сүннеті және шипалы іс.

Жеп-ішу ілімін үйрену ғибадат ілімін үйренуден бұрын тұрады. Исламда алғаш шыққан бидғаттардың бірі – тойғанша жеу. Күнде ет жеу жүрекке ауырлық түсіреді. Оны періштелер жақсы көрмейді. Етті аз жеу болса ахлақты бұзады. Дастарханның, яғни жайылған нәрсенің үстінде жеу және мұны жерге жайған жақсы. Дастархан теріден жасалатын. Көкөністерді тамаққа қосып жеген өте жақсы. Өсімдік қосылған тамағы жоқ дастархан ақылсыз қарияға ұқсатылған.

Имам Жафәр Садық «Малы мен баласы көп болғанын қалаған адам көкөністі тамақты көп жесін» деген. Алдымен дастарханға отыру керек, тамақты сосын әкелу керек. Пайғамбарымыз «Мен құлмын. Құлдар сияқты жерге отырып жеймін» деген.

Ашықпай тұрып жемеу керек, көп жемеу және дастарханнан тоймай тұрып кету керек, таң қалатын нәрсе болмаса күлмеу керек. Пайғамбарымыз «Жақсылықтардың басы - аштық. Жамандықтардың басы - тоқтық» деген. Тамақтың дәмі аштық артқан сайын арта түседі. Тоқтық адамды ұмытшақ етеді. Көңілді көр етеді, алкогольді ішімдіктер сияқты қанды бұзады. Аштық ақылды тазалайды, жүректі нұрландырады.

Пасық, жаман адамдармен бірге отырып ішіп-жемеу керек. Қайнап пісетін тамақтардың бетін жауып суыту керек. Пайғамбарымыз «Оң қолмен жеп, оң қолмен ішіңдер» деген. Пайғамбарымыз нанды оң қолымен алып, қарбызды сол қолымен жейтін. Нанды бір қолмен емес, екі қолмен сындыру, бөлу керек.

Жейтін бір үзімі, бір тістемі шағын болуы керек, жақсы шайналуы тиіс. Жан-жағына, аспанға қарамай, тамағына, алдына қарап жеу керек. Ауызды қатты ашпау керек. Дастарханда қолын басына, үстіне сүртпеуі керек. Жөтеліп, түшкіретін кезде теріс қарау керек.

Шақырылмаған дастарханға отырмау керек. Дастарханда бәрінен көп жемеу керек. Қарны тойған соң оны күнә істеуге қолданбау үшін дұға ету керек. Мұның қияметтегі есебін ойлау керек. Ғибадат жасауға күш  жинау ниетімен жеу керек. Қарын қатты аш болса да жәй-жәй бастау керек. Алдымен үлкендер бастауы керек. «Ал, же» деп үш реттен артық айтып адамды қинамау керек. Бірге жеген кезде қонақтары тоймастан бұрын тамақтан қолын тартпау керек.

Расулуллаһ аз жеу, көп жемеу мәселесіне көп тоқталды.

«Адамның жүрегі егістегі егін сияқты. Тамақ жаңбыр сияқты. Артық су, егінді шірітетіні секілді артық тамақ та жүректі өлтіреді. «Көп жегенді, көп ішкенді Аллаһу та’ала ұнатпайды» дейтін.

Расулуллаһ асқазанның үште бірін тамаққа, үште бірін сусындарға бөлуге кеңес берді. Үште бірінің ауаның үлесінде, яғни бос болуы ең төменгі дәреже болып табылады. Ең жақсы дәреже аз жеу және аз ұйықтау. Көп жеу – аурудың басы, аз жеу – дауаның басы. Бір адамның тамағы екі адамға жетеді. Қонақ үй иесінен тұз бен наннан басқа ешнәрсе күтпеуі керек. Үй иесі қонаққа нан ұсынып, қолына су құюы керек.

Халифа Харунуррашид қонағының қолына құманмен су құятын. Қонақтың жақсы көретін нәрсесін оның алдына тосу керек. Таза жерге түсіріп алғанын алып оған беруі керек. Ластанса мысыққа немесе басқа жануарға беруі керек. Осылайша үйдің берекесі артады. Бұл береке немерелеріне дейін жетеді. Жерге түскендер жиналмайтын болса шайтан жейді. Ыдыста түбінде қалған тамақты жинап, жалап жеп қою – сүннет болады. Компот, айран сияқты нәрселердің қалдығына су құйып, шайқап ішу де үлкен сауап. Табақта, кеседе ішілген нәрсенің артығын қалдыруға болады. Расулуллаһ мүміннен қалған нәрсені жеуді ұнататын.

Тамақтан кейін тісті мисуакпен және тіс тазалағышпен тазалау – Расулуллаһтың сүннеті. Тазалық болып табылады. Тазалық иманды күшейтеді. Тамақтан кейін үй иесіне береке, рахмет пен мағфиретпен дұға етіледі. Сосын кетуге рұқсат сұралады. Шығып бара жатқанда үй иелерін қонаққа шақыруды ұмытпау керек.

Тамақ жеп отырғанда қорқынышты, жиренішті нәрселер айтпау керек. Өлім, ауру туралы айтпау керек. Дастарханға келген тамақтарға қарамау керек. Бір үзімді жұтпай тұрып, екіншісін алмау керек. Тамақ жеп отырғанда бір нәрсе үшін, тіпті намаз үшін де дастарханнан тұрмау керек. Намазды одан бұрын оқу керек.

Егер дайын болған тамақтар суитындай немесе бұзылатындай болса және намаз уақыты тамақтан кейін оқуға ыңғайлы болса, тамақты намаздан бұрын жеу керек. Дастарханнан тамақ алынғаннан кейін тұру керек. Жол үстінде, түрегеп тұрып, жүріп бара жатып жемеу керек.

Аузынан, қолынан еттің, тамақтың иісі шығып тұрғанда жатпау керек. Балалардың да қолын жуу керек. Тойып тұрып жатпау керек. Азық-түлікті дүкеннен өлшеп алу керек. Есепсіз көп алмау керек, ысырап болады. Тамақтың ыдыстарының беті жабық тұруы керек. Өзеннен, хауыздан еңкейіп ауызбен су ішпеу керек. Құман, құмыраның аузынан да ішпеу керек. Кесенің сынық шетінен де ішпеу керек.

Жазда салқын сусын ішу керек.  Расулуллаһ салқын шәрбат ішкенді ұнататын. Зәмзәм суын түрегеп тұрып ішуге болады. Жолаушы барлық суды түрегеп тұрып іше алады делінді. Аш қарынға су ішпеу керек. Суды ақырын, ұрттап ішу керек.

Расулуллаһ алейһиссалам кешкек (пісіріліп құрғатылған бидай) тамағын жақсы көретін. Оны жасауды пайғамбарымызға Жәбрейіл алейһиссалам үйретті. Ол адамға күш береді. Барлық пайғамбарлар арпа нанын жеген. Расулуллаһ асқабақтан жасалатын дәмді тағамды, жасымық (мержімек) сорпасын, аң және қой етін жақсы көретін. Қойдың аяқ, көкірек және жауырын жағын жақсы көретін. Лақтың жауырын етін ұнататын. Лақ етінің сіңуі оңай. Барлық адамға жеуге болады.

Еркек малдың еті ұрғашы малдан және қара түсті малдың еті ақ түсті малдың етінен оңай қорытылады. Оңай сіңірілуі және ләззаты тұрғысынан еттің жақсысы қой еті, сүттің жақсысы сиыр сүті. Аң еттерінің ішіндегі ең жақсысы киіктің еті. Қоянның еті де халал, пайғамбарымыз жеген. Қоян еті зәр шығарады, артығы ұйқыны қашырады. Құс, балапан еті барлық адамға жақсы. Үй құстарының ішіндегі ең жақсысы тауықтың еті.

Пайғамбарымыз «Сірке суы қандай жақсы тағам» деген. Сірке суы ең пайдалы тамақ. Құрма да тамақ. Яғни нанмен желінеді. Жүзім әрі тамақ, әрі жеміс. Жүзімді нан қосып жеу сүннет. Құрманың құр өзін жеу сүннет.

Мейіз, жаңғақ, бадам жеу сүннет. Балда шипа бар. Жетпіс пайғамбар балға береке тілеп, дұға еткен. Расулуллаһ алейһиссалам құрманы өте жақсы көретін. Құрмаға қауын, қарбыз қосып жейтін. Қауын, қарбыз бүйректі тазалайды, бас ауруын кетіреді. Асқазан-ішек құрттарын түсіреді. Көзге қуат береді. Расулуллаһ салқын шәрбаттарды жақсы көретін. Палау жеген кезде салауат оқу керек.

Пайғамбарымыз бұршақты (бобовый) қабығымен жеуді мақтады. Хаббәтуссәуда, яғни содана дерттерге дауа болады деді. Жаңғақты ірімшікпен жеу шипа болады. Бұл екеуін ешнәрсе қоспай  жалғыз жеу зиян болады. Бір нәрсеге қосып жеу керек. Жүзімнің сүйегі зиян. Пайғамбарымыз жүзімді қолына алып, оң қолымен үзіп жейтін. Айва жүректен ауыртпалықты кетіреді. Әр қауын, қарбыз, анарда бір тамшы жаннаттың суы бар. Бір анарды жалғыз жеу керек. Бір тамшысы да бос кетпеуі керек. Анар жүрек соғысына пайдалы. Асқазанды күшейтеді. Сығып ішілсе өтті айдайды, іш қатқанды кетіреді. Әнжір жүрекке шаттық береді. Шаншуды, ас қорыту органдарының ауруларын кетіреді.

Жасыл қиярды тұзбен жеу, жаңғақты құрма және балмен жеу – Расулуллаһтың сүннеті. Пайғамбарымыз баклажанды мақтаған және зәйтүн майын қосып пісіріңдер деген. Қараотты да мақтаған. Балдыркөк ұмытшақтықты кетіреді, зәрді айдайды. Қан мен сүт жасайды. Бөрікгүл өттің тасын ерітеді, қанды тазалайды, тамырдың қатаюына пайдалы. Тердің иісін де кетіреді.

Бір елге барған адамның алдымен біраз пияз жегені денсаулыққа жақсы. Пияз ағзаның микроптарға қарсы тұру күшін арттырады. Пияздан кейін балдыркөк жесе жаман иісті кетіреді. Андыз да иіс кетіреді делінген. Расулуллаһтың соңғы жеген тамағында пияз бар болатын. «Пияз бен сарымсақты пісіріп жеңдер» деген. Бұлардың иісінен періштелер мазасызданады. Тұрып зәр айдайды. Ас сіңіруді жеңілдетеді.