4 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     6 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Расулуллаһтың үй ішіндегі және сырттағы жағдайлары

Расулуллаһтың үй ішіндегі және сырттағы жағдайлары

Хазреті Хусейн айтады: «Пайғамбарымыздың үй ішіндегі жағдайы туралы әкемнен сұрадым. Әкем былай айтып берді:

«Пайғамбарымыз алейһиссалам үйіне кіргеннен бастап уақытын Аллаһқа ғибадат ету, үй ішіндегілердің жұмыстары және өзінің істері деп үшке бөлетін.

Өзіне бөлген уақытын өзі мен адамдар арасында бөлетін. Ол уақытта оның қасына тек таңдаулы сахабалары келетін. Халыққа дін мәселелері солар арқылы түсіндіріліп, халықты қызықтыратын барлық нәрсені айтатын, ешнәрсені өзінде сақтамайтын.

Пайғамбарымыздың үмметіне тиісті уақытты парасатты адамдарға, діндегі дәрежелеріне қарай бөліп, оларды соған қарай шақыру әдеті болатын.

Пайғамбарымыз олардың діни қажеттіліктерімен айналысып, сұрақтарына керекті жауапты беретін, сосын «Бұларды осы жердегілер бұл жерде болмағандарға жеткізсін. Маған өзі келіп, керек нәрсесін айта алмаған адамның қажеттілігін сендер маған айтыңдар. Шындығында, қажеттілігін айта алмаған адамның қажеттілігін айтқан адамның аяғын қиямет күні Аллаһу та’ала Сырат үстінде берік (тұрақты) етеді» деген.

Пайғамбарымыздың қасында бұдан басқа ешнәрсе айтылмайтын, ауызға алынбайтын. Өзі де ешкімнен бұдан басқа нәрсені қабылдамайтын.

Пайғамбарымыздың алдына барғандар шәкірт болып кіріп, ең ұлы ғылымның дәмін татқан адам болып шығатын».

Хазреті Хусейн әкесінен пайғамбарымыздың үйден шыққанда не істейтінін сұрады. Оларды былай айтып берді:

«Пайғамбарымыз алейһиссалам сыртта сөйлеспейтін. Тек, сөзі мұсылмандарға пайдалы болатын болса, олардың арасын жақындастыратын болса, араларындағы суықтықты жоятындай болса ғана сөйлейтін.

Әр қауымның жақсы мінездi адамын сыйлап, оны қауымына басшы ететін. Халықты сақтандыратын және олардан сақтанатын. Ешкімнен жылы қабағы мен жақсы мінезін аямайтын.

Сахабаларын көрмей қалса іздеп, халықтан сұрайтын. Жақсылықты мақтап, жамандықты даттайтын. Өзінің барлық ісі тұрақты, шиеленіссіз болатын. Мұсылмандардың адаспаулары үшін  ескертіп отыратын. Әр жағдайы белгілі, ашық еді.

Расулуллаһта ғибадат пен мойынсұнуға деген бейімділік, қабілет бар еді. Ешкімнің ақысын жемейтін. Оған жақын адамдар – адамдардың ең хайырлылары болатын.

Оның көзінде сахабалардың ең үстемі – мұқтаж жандарға көмек беріп, жақсылық жасағандар болатын. Пайғамбарымыз Аллаһты есіне алмайынша отырмайтын да, тұрмайтын да.

Мәжілісте бір орынды өзі үшін белгілемейтін, бұлай жасауға тыйым салатын. Қай жерде болса да жиналып отырған адамдардың қасына барған кезде төр жаққа өтпейтін, соңғы жағына отырып, осылай жасауды мұсылмандарға да бұйыратын.

Өзімен бірге отырғандардың барлығына нәсібінен беретін. Оның сый-сияпат көрсететіні соншалық, барлығы Расулуллаһтың алдында өзінен қадірлі адам жоқ деп ойлап қалатын. Өзімен бірге отырған немесе келіп жағдайын айтқан адамның барлық нәрсесіне, кеткенге дейін сабыр ететін.

Біреу одан бір нәрсе сұраса оны қайтармайтын, сұрағанын беретін немесе жылы сөздермен кері қайтаратын. Оның көркем мінезі барлық адамды құшағына сыйдыратындай дәрежеде кең еді.

Барлық адамға мейірімді әке болды. Хақ (ақы) мәселесінде барлық адам оның алдында тең болатын. Пайғамбарымыздың мәжілісі – ғылымның, ұяттың, сабырдың және аманаттың мәжілісі болатын.

Оның мәжілісінде дауыс көтерілмейтін, ешкім айыпталмайтын, істелген кемшілік пен қателік айтылмайтын. Пайғамбарымыздың мәжілісіне қатысқандардың барлығы тең болатын, олардың бір-бірінен үстемдігі тек тақуалықтарында ғана болатын. Барлығы кішіпейіл еді.

Үлкендерді қадірлеп, кішілерге ізет, мейірімділік көрсететін. Мұқтаж адамдарға көмектесуге тырысып, ғаріп, бөтен адамдарды қорғап, қолдайтын.

Пайғамбарымыз алейһиссалам жылы жүзді, жұмсақ мінезді болған. Өте кешірімшіл еді. Қатал жүректі емес еді.

Ешкіммен ұрыспайтын, ешқашан айқайламайтын, жаман сөз айтпайтын. Ешкімді айыптамайтын. Сараң емес еді. Ұнатпаған нәрсесіне көз жұмып қарайтын. Үміт күткен адамның үмітін үзбейтін, бір нәрсені ұнатпайтындығын ашып айтпайтын.

Пайғамбарымыз үш нәрседен аулақ болды:

Адамдармен дауласудан,

Көп сөйлеуден,

Пайдасыз, бос нәрселермен айналысудан.

Адамдарға үш нәрседе ерік беретін:

Ешкімді бетіне басып немесе сыртынан айыптамайтын.

Ешкімнің айыбын, кемшілігін іздемейтін.

Ешкімге ол туралы сауапты және хайырлы болмаған сөзді айтпайтын.

Пайғамбарымыз алейһиссалам сөйлеген кезде қасындағылар бастарына құс қонғандай тыныш, қимылсыз отырып тыңдайтын. Ол сөзін бітіргеннен кейін айтатындарын айтатын, бірақ оның қасында дауласып, тартыспайтын.

Пайғамбарымыздың қасында біреу сөйлеген кезде ол сөзін бітіргенше қалғандары үнсіз тыңдайтын. Пайғамбарымыздың қасында алғаш сөйлеген адам мен соңынан сөйлеген адамның сөзінің айырмашылығы жоқ еді.

Мәжілісіне қатысқандар бір нәрсеге күлсе Расулуллаһ та олармен қосылып күлетін, бір нәрсеге таңданса, ол да оларға қосылып таңданатын.

Алдына келген ғаріптердің айтқан дөрекі, жаман сөздеріне сахабалары да өзі сияқты істесін, үлгі алсын деп төзетін.

«Бір мұқтаж адамның бір шаруасына көмек сұрағанын көрген кездеріңде оның қажетін шығарып көмектесіңдер» дейтін.

Расулуллаһ алейһиссалам шындыққа жанаспайтын мақтауды қабылдамайтын. Ғайбат, жала, өтірік сияқты өзгелердің ақысы  тапталып, әділетсіздікке жол берілмесе ешкімнің сөзін бөлмейтін. Өзгелердің құқығына қастандық еткен адамның сөзін бөлетін не болмаса мәжілістен тұрып кетіп қалатын. Пайғамбарымыздың үнсіздігі төрт нәрсеге байланысты болатын: хилм (шыдамдылық), сақтанушылық, тақдир (растау, қәдірлеу), тәфәккур (ойлау).

Тақдир адамдарға тең қарау мен тыңдауда, тәфәккур дүние мен ахирет істерін ойлауда байқалатын. Шыдамдылық пен сабырлылық қасиеттерді бойына сіңірген еді. Дүниеге қатысты нәрсеге ренжімейтін.

Сақтанушылықта төрт қасиеті бар еді:

Ең жақсы нәрсені оған бағыну үшін алатын.

Жаман нәрсені аулақ тұру үшін тастайтын.

Түсінігін үмметіне пайдалы нәрсеге жұмсайтын.

Мейірімділігін үмметінің дүние мен ахирет бақытын қамтамасыз ететін нәрселерге төгетін.

Пайғамбарымыз ешқандай нәрсе үшін «жоқ» демеген. Істегісі келетін бір нәрсе өзінен сұралған кезде «жарайды» дейтін, істегісі келмейтін нәрсені сұрағанда үндемейтін, оны жасағысы келмейтіні оның осы үнсіздігінен белгілі болатын.

Барлық адамның дүние мен ахирет бақыты үшін бар күшін салатын. Бір соғыста одан барлық кәпірлердің жоқ болуы үшін дұға етуі сұралғанда «Мен лағнет ету үшін, адамдардың азап шегуі үшін жіберілмедім. Мен бәріне жақсылық жасау үшін, адамдардың бақытқа қауышуы үшін жіберілдім» деді.

«Әнбия» сүресінің 107-ші аятында «Сені әлемдерге рақымдылық, жақсылық үшін жібердік» деп бұйырылған. Сондықтан барлық адамға жақсылық жасау үшін бар күшін сарп ететін.

Хинд бин Әби Халә Пайғамбарымыздың жүрісін былай айтады:

Пайғамбарымыз жүрген кезде аяғын жерден ширақ көтеретін. Екі жағына теңселмейтін, адымын кең ататын. Биік жерден түсіп келе жатқандай алдына қарай иіліп, байсалды, еркін түрде жүретін.

Қарағысы келген, қарайтын жағына толық бұрылып қарайтын.

Айналасына қалай болса солай қарамайтын.

Жер бетіне (төменге) қарауы аспанға қарағанынан ұзақ еді.

Жүргенде сахабалардың артында жүретін.

Біреумен жолыққан кезде алдымен өзі сәлем беретін.

 

Әбу Хурайра хазреттері былай айтып берген:

Пайғамбарымыздан тез жүретін адам көрмедім. Жүргенде жер жүзі оның аяғының астында оралғандай болатын.

Біз оның артында жүріп, оған жету үшін қиналатынбыз. Пайғамбарымыз болса жүріп бара жатқанда өзін еш қинамайтын.

Әнәс бин Маликтің (радиаллаһу анһ) білдіруі бойынша Расулуллаһ алейһиссалам біреумен кездескен кезде мусафаха ететін, ол адам қолын тартпайынша пайғамбарымыз қолын тартпайтын, ол адам бетін теріс айналдырмайынша пайғамбарымыз одан теріс айналмайтын. (Мусафаха – екі адамның кездескен кезде қолдарымен амандасып, бір-біріне қарауы деген сөз.)

Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) айтады: Пайғамбарымыздан «Йа Расулаллаһ! Кейбіріміз кейбірімізге иілейік пе?» деп сұрадық. «Жоқ» деді. «Құшақтасайық па?» деп сұрадық. «Жоқ, тек мусафаха етіңдер!» деді.

Бәра бин Азиб те пайғамбарымыздың «Екі мұсылман кездесіп сәлемдесіп, мусафаха ететін болса, олар бір-бірінен ажырамастан бұрын күнәлары кешіріледі» дегенін білдіреді.

Пайғамбарымыз үнемі ой үстінде жүретін. Сөйлегенінен үнсіз жүргені көп еді. Расулуллаһ орынсыз жерде сөйлемейтін. Сөзін бастағанда да, аяқтағанда да Аллаһтың есімін айтатын.

Сөйлескенде қысқа және мәнді сөздермен сөйлесетін. Оның сөздері әрдайым шын және орынды болатын. Пайғамбарымыз сөйлегенде артық та, кем де сөз айтпайтын.

Ешкімнің көңілін қалдырмайтын, ешкімді төмен санамайтын. Ең ұсақ ниғметтің өзін құрметтейтін. Ешқандай ниғметті ұнатқанда көкке көтеріп мақтамайтын, ұнатпаса жиренбейтін.

Расулуллаһ алейһиссалам дүние үшін, дүниелік істер үшін ашуланбайтын. Бірақ, біреудің ақысы желінетін болса оның ақысын алмайынша ешнәрсе оның ашуынан асып түсе алмайтын.

Өзі үшін ашуланып, өш алмайтын. Бір нәрсеге белгі беретін кезде саусағымен емес, қолымен белгі беретін. Қайран қалып, таңданған кезде қолын теріс қарататын, яғни алақаны жоғары қарап тұрса төмен, төмен қарап тұрса жоғары қарататын. Сөйлеген кезде қолын қимылдатып, оң қолының алақанымен сол қолының бас бармағының ішкі жағына бір екі рет ұратын. Ашуланған кезде тез ашуын басып, білдірмейтін.

Қуанып, шаттанған кезде көзін жұматын. Ең қатты күлгені күлімсірегені еді. Күлімсірегенде тістері маржандай тізіліп көрінетін.

Әбу Саид Худри хазреттері айтады: Расулуллаһ алейһиссалам малға шөп беретін. Түйені байлайтын. Үйін сыпыратын. Қой сауатын. Аяқ киімінің жыртылған жерін тігетін. Киімін жамайтын. Қызметшісімен бірге тамақтанатын. Қызметшісі қол диірмен тартып шаршаған кезде оған көмектесетін. Базардан үй қажеттіліктерін алып, дорбаға салып үйіне әкелетін. Кедеймен, баймен, үлкенмен, кішімен кездескенде бірінші болып сәлемдесетін. Олармен мусафаха ету (қол алысу) үшін қолын алдымен созатын.

Құлды, мырзаны, ақты, қараны бір көретін. Кім шақырса шақырсын, шақырылған жерге баратын. Алдына қойылған нәрсені аз да болса жеңіл, төмен санамайтын. Жақсылық жасағанды жақсы көретін. Барлық адаммен жақсы қатынаста болатын. Жылы қабақты, жылы сөзді еді. Сөйлегенде күлмейтін.

Қайғылы болып көрінетін. Бірақ, қабағы қатулы емес болатын. Кішіпейіл болатын. Айбатты болатын, қараған адамда құрмет пен қорқыныш ұялататын. Бірақ, дөрекі емес-тін. Нәзік еді. Жомарт еді, бірақ ысрап етпейтін, пайдасыз жерге ешнәрсе бермейтін. Барлық адамға жанашырлық танытатын. Ешкімнен ештеңе күтпейтін. Бақытты, тыныштықты қалаған адам сол сияқты болуы керек.

Әрбір мұсылман Расулуллаһтың осы қасиеттерін өзіне үлгі етуі керек. Аллаһу та'аланың ахлақымен ахлақтану әр мұсылманға керекті. Өйткені Расулуллаһ алейһиссалам «Аллаһу та’аланың ахлақымен мінезденіңдер!» деп бұйырған.

Мысалы, Аллаһу та’аланың сипаттарының бірі – Сәттар. Яғни, күнәларды жабушы. Мұсылман адам да діндес бауырының айыбын, кемшілігін жабуға тырысуы тиіс. Аллаһу та’ала құлдарының күнәсін кешіруші. Мұсылмандар да бір-бірінің кемшіліктері мен айыптарын кешіруі керек. Аллаһу та’ала – кәрим, рахим. Яғни, ілтипаты мен ихсаны көп, мейірімі мол. Мұсылман адамның мейірімді және жомарт болуы тиіс. Барлық жақсы мінездер осылай болады.

Расулуллаһ алейһиссаламның көркем мінездері өте көп. Әрбір мұсылман оларды үйреніп, сол сияқты ахлақтануы керек. Осылайша, дүние мен ахиретте пәлекеттерден, қиыншылықтардан құтылу және екі дүние мырзасының шапағатына қауышу нәсіп болады.