7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Пайғамбарымыздың киген киімдері

Пайғамбарымыздың киген киімдері

Пайғамбарымыздың бір дана хибәрәдан тігілген киімі бар болатын. Хибәрә – мақта мен зығыр жібінен тоқылған, жолақты Йемен матасы. Пайғамбарымыз алейһиссалам хибәрә киімін кигенді жақсы көретін.

Сонымен қатар пайғамбарымыздың Оманнан әкелінген екі изары бар болатын. Белден төменгі жаққа тағылатын, балтырға дейін аяқты жабатын жапқыш «изар» деп аталады. Пайғамбарымыздың қылдан тоқылған, түйенің артпа еріне ұқсайтын жапқышы да бар болатын. Оны киіп сыртқа шыққан кездері болған.

Әбу Бурде айтады: «Біз барғанда хазреті Айша бізге мүләббәдә деп аталатын бір киім мен Йеменде жасалған қалың изарды көрсетіп, ант етіп: «Расулуллаһ алейһиссаламның рухы, міне осылардың ішінде алынды» деді».

Пайғамбарымыз суық қыс түндерінде намаздарын өте қатты да, өте жұмсақ та етіп тоқылмаған жүн мата оранып оқитын.

Пайғамбарымыз еркек мүміндердің белдеріне тағатын изарын тек балтырларына дейін және одан сәл төмен түсіріп тағуларына болатынын, бірақ тобықтарына дейін жеткізбеу керектігін айтқан.

Өздерін абыройлы, бай етіп көрсету мақсатымен изарларын жерге тигізіп сүйретіп жүретін еркектерге қиямет күні Аллаһу та’аланың рахмет назарымен қарамайтынын айтып, Жабир бин Суләймге «Изарыңды аяғыңның жартысына, балтырыңа дейін көтер. Олай етпесең тобықтарыңа дейін жеткіз. Жерге тиетіндей етіп ұзатудан сақтан. Өйткені, бұл тәкаппарлықтың белгісі. Аллаһ тәкаппарланғанды ұнатпайды» деп бұйырған.

Сондықтан Абдуллаһ бин Омар изарын аяқтарының жартысына дейін, яғни балтырына дейін жеткізіп, оның үстінен көйлек және рида киетін (Рида – үстіне жамылатын жамылғы, шәлі.)

Пайғамбарымыздың шеттен келгендердің қастарына киіп шығатын Хадрами шәлісінің ұзындығы төрт аршын, ені екі аршын, бір қарыс, құны бір динар болатын. Жасыл түсті болатын.

Пайғамбарымыздың бұл шәлісі халифалардың дәуірінде түйіліп, төртбұрышты кездеменің ішінде сақталып тұратын. Халифалар оны айт мейрамдарында киетін.

Пайғамбарымыздың Сухарда тігілген екі киімі бар еді. Сухар - Оманның бір ауылы. Пайғамбарымыздың сухарша тігілген бір көйлегі де болған. Сухар ауылында тігілген көйлек «Сухари» деп аталады. Пайғамбарымыздың ең жақсы көретін киімі қамис (көйлек) болатын. Қамис - таза мақта жібінен тігілген көйлек. Пайғамбарымыздың көйлегінің жеңінің ұзындығы білекке дейін болатын. Эфиопияның Нәжашиінің (патшасының) пайғамбарымызға жіберген сыйлықтарының арасында көйлек те бар болатын.

Пайғамбарымыздың екі қабат мақта жібінен тоқылған көйлегі бар еді. Сухул – Йеменнің бір аймағы. Ол жерде бір қабат мақта жібінен тоқылған матадан тігілген киімдер «Сухулия» деп аталады. Эфиопия Нәжашиінің пайғамбарымызға жіберген сыйлықтарының арасында іш киім де бар болатын.

Пайғамбарымыздың ақ киімі де бар болатын. Ол: «Киімдеріңнің ағын киіңдер. Тірілерің ақ киім кисін. Өлілеріңді ақ кебінге ораңдар. Өйткені ол – киімдердің хайырлысы және жақсысы» деген.

Пайғамбарымыздың жасыл киім кигені де көрілген. Әбу Римсе пайғамбарымыздың екі қабат жасыл киім кигенін көргенін айтады.

Пайғамбарымыз қызыл-ала хуллә да киетін. Бәра бин Азиб: «Қызыл-ала хуллә киген, шашы құлағының астына дейін жететіндердің ішінде Расулуллаһ алейһиссаламнан асқан көркемін көрмедім» деген. Пайғамбарымыздың жұма мен айттарда киетін қызыл шапаны да болған. Сондай-ақ, Йеменше тігілген жуббәсі (шапаны) де бар еді. Пайғамбарымыз жеңінің аузы тар болып келетін Шамда тігілген жуббәсін сапарға киетін.

Пайғамбарымыз Иран патшалары киген «Тайлесан» матасынан тігілген, жағасы атлас, етегінің алдыңғы және артқы екі ашық жағына және жеңдеріне атластан бедер салынған жуббәсін соғыстарда, жаумен қарсыласқанда киетін.

Хазреті Айша қайтыс болғанға дейін соның қасында болған бұл шапанды кейіннен Әсма бинти Әбу Бәкір алған. Пайғамбарымыз киген бұл жуббә жуылған суға ауру адамдар жуынып, шипа табатын.

Думәтулжәндәл тайпасының басшысы Уқәйдирдің өлтірілген бауыры Хасанның атлас матадан тігілген, безендірілген жерлеріне алтын сырма мен құрма жапырақтары қадалған жуббәсі пайғамбарымызға сыйға жіберілген болатын.

Пайғамбарымыз бұл жуббәні киіп, мінберге шығып біраз отырады да, еш сөйлеместен мінберден түседі. Мұсылмандар қолдарымен шапанды сипап көріп, әдемілігіне қайран қалады.

Пайғамбарымыз: «Сендер мұның әдемілігіне қайран қалып тұрсыңдар ма? Бұл сендерге қатты ұнады ма?» деп сұрайды. Олар «Біз бұдан да жақсы, әдемі киім көрмедік» дейді.

Пайғамбарымыз «Бар болуым құдіретті қолында болған Аллаһқа ант етемін, Саад бин Муаздың жаннаттағы беторамалдары көрген нәрселеріңнен де әдемі және жағымды» деген.

Пайғамбарымыз өзіне сыйға тартылған бір атлас кафтан киіп, намаз оқыды. Намаздан келе сала оны тез шешіп тастады.

«Бұл тақуаларға жараспайды» деді. Оны хазреті Омарға жіберді. «Йа Расулаллаһ! Оны шешуге неге асықтыңыз?» деп сұрғандарға пайғамбарымыз «Жәбрейіл маған мұны киюге тыйым салды» деді. Хазреті Омар жылап келіп «Йа Расулаллаһ! Сіз кигіңіз келмеген нәрсеңізді маған бердіңіз. Оны не істеймін?» деді. Пайғамбарымыз «Мен оны саған кисін деп бермедім. Тек сатсын деп бердім» деді. Хазреті Омар оны екі мың дирхамға сатты.

Византия патшасы пайғамбарымызға атластан, алтын сырмалы, ұзын жеңді бір тері киім сыйлаған. Пайғамбарымыз оны кигенде халық «Йа Расулаллаһ! Бұл сізге аспаннан түсірілді ме?» деп сұраған.

Пайғамбарымыз «Сендерге қатты ұнады ма? Барлығым құдіретінде болған Аллаһқа ант етемін, Саад бин Муаздың жаннаттағы орамалдарынан бір орамалының өзі бұдан хайырлы, әдемі» деген.

Сосын ол киімді хазреті Жафәр бин Әбу Тәліпке жіберді. Хазреті Жафәр оны кигенде пайғамбарымыз «Мен оны саған кисін деп жіберген жоқ едім» деді. Хазреті Жафәр: «Оны кимегенде не істеймін?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Нәжашиге жібер» деді.

Пайғамбарымызға Сиера деп аталатын жібек матадан сары жолақтары бар астары бар киім сыйға тартылған еді. Пайғамбарымыз оны хазреті Әлиге жіберді. Хазреті Әлидің оны кигенін көргенде пайғамбарымыздың жүзінен ашудың ізі байқалды. «Мен оны саған кию үшін жіберген жоқпын. Орамал үшін әйелдерге үлестірсін деп жібердім» деп бұйырды. Осыдан соң хазреті Әли оны бөлшектеп әһли бәйт әйелдеріне үлестірді.

Эфиопия Нәжашиінің пайғамбарымызға жіберген сыйлықтарының ішінде мысырда тігілген қалың пальтосымақ шапан да бар болатын.

Пайғамбарымыздың қара жүннен тоқылған киім кигені де көрілген.

Хазреті Айша: «Расулуллаһ алейһиссаламға арналып қара жүннен бір киім тігілген болатын. Оны киіп терлегеннен кейін жүннің иісі шыққанын байқады. Дереу оны шешіп тастады. Өйткені пайғамбарымыз тек хош иістерді жақсы көретін» деген.

Хазреті Омар базарда, мешіттің алдына сатуға шығарылған Сиера, Истебрак жібегінен тігілген асты-үсті әдемі бір киімді көріп, оны пайғамбарымызға алып келді. «Йа Расулаллаһ! Мынаны сатып алып, жұма күндері, айттарда, шеттен адамдар келгенде кисеңіз» деді. Пайғамбарымыз «Бұл - тек ахиреттен нәсібі жоқтардың киімі. Мұны тек ахиретте нәсібі болмағандар киеді» деді. Сосын өзіндегі бір атлас жуббәні хазреті Омарға жіберді. Хазреті Омар оны алып, пайғамбарымызға келді. «Йа Расулаллаһ! Сіздің «Бұл тек ахиреттен нәсібі жоқтардың киімі. Оны тек ахиретте нәсібі болмағандар киеді» дегеніңізді естідім. Оны маған жіберіпсіз?» деді. Пайғамбарымыз «Сен оны сатып ақшасын қажеттілігіңе жұмсарсың, оны пайдаланарсың деп жібердім. Киюің үшін жібермедім» деді.

Пайғамбарымыз «Атаққұмарлық пен мақтау сүйерлік үшін киім киген адамға, Аллаһ ол киімін шешкенге дейін қарамайды». «Қиямет күні оған зилләт (ұятты, қорланатын) киімін кигізеді».

«Атақ пен мақтаныш үшін киім киген адамға қиямет күні Аллаһ сол киімін кигізеді». «Сосын оған от қояды» деген.

Бүрде – Йемендік жолақты мата, ихрам сияқты денеге оралады.

Қалың жүн мата мен шапан да бүрде деп аталады. Сәһл бин Саад айтады: «Расулуллаһқа бір әйел өзі тоқыған бүрдесін әкелді. «Йа Расулаллаһ! Мынаны өз қолыммен тоқыдым. Сізге әкелдім» деді. Расулуллаһ керек болғандықтан оны қабылдады.

Осы бүрдені оранып қасымызға келді. Жамағаттан біреу бүрдеге қолын тигізіп «Йа Расулаллаһ! Қандай керемет киім. Мұны маған беріңізші» деді. Расулуллаһ «Жарайды» деді.

Біраз отырғаннан кейін үйіне қайтты. Бүрдені шешіп, жаңағы адамға жіберді. Жамағат: «Бұл тірлігің мүлдем дұрыс болмады. Сен Расулуллаһтың киіп жүрген, өзіне қажет нәрсесін сұрап алдың. Расулуллаһтың ешкімнің қолын бос қайтармайтынын білесің» деп оны айыптады.

Ол адам «Уаллаһи, мен оны кию үшін сұрамадым. Өлгенде кебінім болсын деп сұрадым» деді.

Шынында да ол өлген кезде сол бүрдені кебін етті.