8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Нәжаши жіберген алтын жүзік

Нәжаши жіберген алтын жүзік

Хабаш (Эфиопия) билеушісі Асхаманың пайғамбарымызға жіберген сыйлықтарының ішінде көзі хабаш тасынан жасалған алтын жүзік те бар болатын. Пайғамбарымыз Әбул Астың қызының қызы Умамәні шақырып, «Ей, қызым! Мынаны сен тақ!» деді.

Еркектерге тек күміс жүзіктің халал екенін, алтын, темір және сары латуннан жасалған жүзіктерді тағудың харам екенін Расулуллаһ білдірген. Өзі де қайтыс болғанға дейін, тек күміс жүзік таққан.

Расулуллаһ жүзігін оң қолына тағатын. Сол қолына таққан кездері де көрілген. Сол қолға да, оң қолға да тағу жаиз болады. Кішкентай саусаққа немесе соның қасындағы саусаққа тағылады. Мейрамдарда барлық адамның жүзік тағуы -  мүстаһаб болады. Елге көрсету үшін, мақтану үшін тағу – харам болады.

Бір күні Нуман бин Бәшир Расулуллаһтың қасына келді. Саусағында алтын жүзік бар еді. Расулуллаһ оған: «Жаннатқа кірмей тұрып неге жаннаттың әшекейін тақтың?» деді. Ол сосын темір жүзік таға бастады. Мұны көрген пайғамбарымыз: «Неге жаһаннамның затын тағып жүрсің?» деді. Нуман бин Бәшир темір жүзікті шешіп, қола жүзік тақты. Мұны көрген Расулуллаһ «Неге сенен пұттың иісін сезіп тұрмын?» деді. Ол «Қандай жүзік тағайын, йа Расулаллаһ?» деп сұрады. «Күміс жүзік тағуыңа болады. Салмағы бір мысқалдан (4,8 гр) аспасын және оң қолыңа тақ» деді.

Амр ибни Шуайб айтады: «Расулуллаһ алтын және темір жүзіктерді шешкізетін. Күміс жүзіктерге қарсы болмайтын».

Пайғамбарымыз Парсы патшасына, Византия цезарына және Эфиопия билеушісіне хат жаздырғысы келгенде оған адамдар:

- Йа Расулаллаһ! Олар хатты мөрі болмаса оқымайды,- деді.

Осыған байланысты Расулуллаһ бір күміс жүзік жасатып, көзіне үш қатар етіп, «Мухаммәдур Расулуллаһ» деп жаздыртты. Мөр-жүзіктегі әр жазу төменнен жоғары қарай:

«Мухаммәд» бір қатар,

«Расул» бір қатар,

«Аллаһ» бір қатар, барлығы үш қатар болып жазылды.

 

Пайғамбарымыздың күміс жүзігіндегі тас, хабаш тасы болатын. Бұл күміс жүзіктің көзінің де күміс болғандығы риуаят етіледі.

Амр бин Саид пайғамбарымыздың қасына келген болатын. Пайғамбарымыз оның саусағындағы жүзікті көріп: «Бұл қолыңдағы жүзік не?» деп сұрады. Амр бин Саид: «Йа Расулаллаһ, бұл бір сақина! Мұны мен жасадым» деді. Пайғамбарымыз: «Нақышы (оюы) қандай?» деп сұрады. Амр бин Саид: «Мухаммәдур Расулуллаһ» деді. Пайғамбарымыз: «Қане, көрейін» деді. Расулуллаһ ол жүзікті алып Жеке мөрі ретінде қолданды және басқа адамдардың жүзіктеріне «Мухаммәдур Расулуллаһ» деп жазуларына тиым салды.

Пайғамбарымыз қайтыс болғанда саусағында осы мөр-жүзік болған. Пайғамбарымыз мөр-жүзігін сол қолының шынашағына тағатын. Кейде оң қолына да тағатын. Пайғамбарымыз жүзіктің көзін алақанына қарай аударып қоятын. Ол әжетханаға кірерде жүзікті шешіп қоятын.

Пайғамбарымыздың мөр-жүзігін ол қайтыс болғаннан кейін хазреті Әбу Бәкір, одан кейін хазреті Омар, хазреті Омардан кейін хазреті Осман таққан.

Хазреті Осман халифа кезінде бір күні Әрис құдығының басында отырған кезінде жүзікті саусағынан шығарып, қолында айналдырып отырып, жүзікті құдыққа түсіріп алған.

Құдықтың барлық суын тартса да, үш күн бойы ізделсе де бұл мүбәрәк жүзік табылмай, құдықтың ішінде жоқ болып кеткен.

Жүзік тасына жазу жазу пайғамбарымыздан кейін де жалғасын тапты. Хазреті Әбу Бәкірдің жүзігінде «Нимәл қадир Аллаһ» (Аллаһтың барлық нәрсеге күші қандай керемет жетеді), хазреті Омардың жүзігінде «Кәфә бил-мәут уа изан йа Омар» (Насихат ретінде өлім жетеді), хазреті Османның жүзігінде «Лә-насбирәннә» (Әлбетте сабыр етеміз), хазреті Әлидің жүзігінде «Әл-мулку лилләһ» (Мүлік тек Аллаһтікі), хазреті Хасанның жүзігінде «Әл иззәту лилләһ» (Ұлылық Аллаһқа тән), хазреті Муауияның жүзігінде «Раббиғфирли» (Раббым кешіре гөр), Ибни Әбу Ләйланың жүзігінде «Әд-дуния ғарурун» (Дүние алдамшы), Имам Ағзам Әбу Ханифаның жүзігінде «Қул-ил хайру уә иллә фәскут» (Не жақсы сөз айт, не сөйлеме), Имам Әбу Юсуфтың жүзігінде «Мән амилә би-рәйихи нәдимә» (өз райы бойынша әрекет жасаған адам өкінеді), Имам Мұхаммедтің жүзігінде «Мән сабәрә зафәрә» (Сабыр еткен жеңіске жетеді), Имам Шафиидің жүзігінде «Әл-бәрәкәту фил қанаа» (Береке қанағатта) деп жазылған болатын. Олар жүзіктерін мөр ретінде қолданатын.