22 - Рабиул-әууәл, 1443 жыл.
     28 - Қазан, 2021 жыл.   


  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Пайғамбарымыздың алып жүрген жеті нәрсесі

Пайғамбарымыздың алып жүрген жеті нәрсесі

Пайғамбарымыздың алейһиссалам бір аршын ұзындықта немесе одан да біраз ұзын бір михжәні бар болатын. Михжән деп ұшы иілген таяқты айтады. Пайғамбарымыз Хажәрул әсуадті алыстан сонымен ишарат етіп көрсететін.

Пайғамбарымыз түйеге мінген кезде оны алдына асып алатын. Пайғамбарымыздың «Уржун» деп аталатын бір мыхсаррасы (асасы) да бар болатын. Пайғамбарымыз Бақиулғарқадқа барғанда оны алып жүретін, оған сүйеніп отыратын, қолында айналдырып жүретін. Пайғамбарымыздың осы мыхсарраны ұстап тұрып хутба айтқан кездері де болған.

Пайғамбарымыздың тау ағашынан жасалған Мәмшук деп аталған шыбығы да бар еді.

Хазреті Осман пайғамбарымыздың шыбығын алып, мінберде хутба айтқан кезде Жахжах бин Саид немесе Жахжах бин Қайс хазреті Османның қолынан шыбықты алып, тізесімен бүгіп, сындырады. Халық Жахжахқа айқайлайды. Хазреті Осман мінберден түсіп, үйіне кетеді.

Осыдан кейін Аллаһ Жахжахтың қолына немесе тізесіне қышыма ауруын жібереді. Жахжах хазреті Осман шәһит болғаннан кейін бір жылға жетпестен қышымадан өледі.

Пайғамбарымыз өзімен бірге тарақ, айна, мисуак, гүл майы, сүрме және қайшы алып жүретін, оларды сапарда, қауіпті жерлерде де үнемі алып жүрді.

Хазреті Айша: «Соғыстарға Расулуллаһтың гүл майын, тарағын, айнасын, екі қайшысын, сүрме салғышын және мисуагын дайындайтынмын» деген.

Сондай-ақ, хазреті Айша: «Сапарда және қауіпті жағдайда Расулуллаһ жеті нәрсені: 1.Гүл майы шынысы, 2. тарағы, 3. айнасы, 4.сүрме салғыш, 5.мисуагы, 6.екі қайшысы, 7. шаш бөлетін сүйегін қасынан тастамайтын» деген.

Пайғамбарымыз күніне сақалын екі рет тарайтын.

Әнәс бин Малик: «Расулуллаһ жиі-жиі шашына гүл майын жағатын, сақалын сумен тарайтын» дейді.

 

Тәртіпке, реттілікке үлкен мән беретін: Пайғамбарымыз тазалыққа, тәртіпке үлкен мән беретін. «Кімнің шашы бар болса, оған жақсы қарасын» дейтін. Пайғамбарымыз мешітте отырған кезде шашы жалбыраған біреу ішке кіреді. Пайғамбарымыз: «Мына адамның шашын жатқызатын гүл майы да жоқ па?» деп, оны дереу сыртқа шығарып, шаш-сақалын реттеуді қолымен ымдайды. Ол адам шашын жатқызып, қайтып келгенде пайғамбарымыз: «Сендердің бірілеріңнің осылай келгені жақсы ма, әлде шаш-сақалы шайтан сияқты жалбырап келгені жақсы ма?» дейді.

Пайғамбарымыз сақалының шетін және ұзындығынан біраз қысқартатын (қидыратын). Жұма намазына шығарда мұртын қысқартып, тырнағы өссе алатын. Мұсылмандарға да мұрттарын қысқартуды бұйыратын.

Пайғамбарымыз айнаға қараған сайын Аллаһқа шүкіршілік етіп, «Аллаһым! Келбетімді әдемі етіп жаратқаның сияқты мінез-құлқымды да көркем ет» деп дұға ететін.

Пайғамбарымыз әр кеш сайын ұйықтамастан бұрын көзіне үш рет сүрме жағатын. Сүрмені оң көзіне үш рет, сол көзіне үш рет жағатын. «Сүрме жағыңдар. Өйткені, ол көзді нұрландырады, кірпікті өсіреді» дейтін.

Ислам ғалымдары ер адамның сүрмені ем үшін жағуына болатынын, сән үшін жағуына болмайтынын айтады. Жамал (көркемдік) және зинет (сән) сөздерін бір-бірімен шатастырмау керек. Жамал – көріксіздікті кетіру, салиқалы болу және шүкіршілік ету үшін нығметті көрсету дегенді білдіреді. Көрсету үшін, мақтану үшін нығметті көрсету жамал болмайды, тәкаппарлық болады.

Расулуллаһ мисуак қолдануға қатты мән беретін. Оны үнемі өзімен алып жүретін. Пайғамбарымыз «Әрак ағашының шыбығын мисуак етіңдер» деп бұйыратын. Мисуак ауызға жақсы иіс береді. Расулуллаһ: «Ол менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың мисуагы» деген.

Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Егер үмметіме қиындық келтірмесем әр намаз үшін мисуак қолдануды оларға бұйырар едім» деген.

«Мисуак қолдануларыңа қатты кеңес беремін».

«Мисуак – ауыздың тазалығы және Раббымның разылығы» деген.

Пайғамбарымыздың үйге кіргендегі алғашқы ісі – тісін мисуактау болатын.

Пайғамбарымыз мисуаксыз ұйықтамайтын, оянған кезде алғаш істейтін ісі – тісін мисуактау болатын. Пайғамбарымыз түнде тәһәжжүд намазына тұрған кезде де тісін мисуактайтын.

Хазреті Айша: «Пайғамбарымыз алейһиссалам оянған кезде дәреттен бұрын мисуак қолданбаған кезі болған емес» деген.