22 - Рабиул-әууәл, 1443 жыл.
     28 - Қазан, 2021 жыл.   


  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Пайғамбарымыздың тәбәрік үйі

Пайғамбарымыздың тәбәрік үйі

Пайғамбарымыз Мәдинада мешітін салдырған кезде мешіттің жанына кірпіштен екі бөлме салдырған, оның үстін құрма ағашы мен бұтақтарымен жаптырған.

Хазреті Айшаның бөлмесінің есігі мешітке баратын жолға қарайтын. Хазреті Сәудә үшін салынған бөлменің есігі мешіттің үшінші есігі болып табылатын Ал-и Осман есігіне қарайтын.

Пайғамбарымыз басқа әйелдер алғаннан кейін бөлмелердің саны артты және олар хазреті Айшаның бөлмесі мен қыбла арасында, яғни мешіттің шығыс тарапында салынды. Бөлмелердің біразы кірпіштен, біразы тастан салынды.

Кейбірлері құрма бұтақтарынан (Бағдат тәсілімен) жасалып, үсті балшықпен сыланған және құрма бұтақтарымен де жасалды.

Хасан бин Әбулхасан айтады: «Мен ержеткен шағымда Расулуллаһтың үйіне кіріп, қолымды созғанда қолым төбесіне жеткен болатын. Расулуллаһтың бөлмесінің бастырмасы сауыр ағашы немесе арша ағашының үстіне керілген қыл тоқымадан тұратын».

Имам Бухаридің білдіргені бойынша: «Расулуллаһтың үйінің есігі қалқасыз болып, есікті қағатын адам садақтың ұшымен қағатын».

Мұхаммед бин Хилал мен Атаул-Хорасани да пайғамбарымыздың әйелдерінің бөлмелерін көрген, олардың құрма бұтақтарынан жасалғанын және есік ретінде қара қылдан перделері болғанын айтқан.

Дәуіт бин Қайстың көріп, айтуы бойынша бөлмелердің есіктен-есікке дейінгі әр қайсысының ені 6-7 зира (бір зира 48 см) көлемінде, іштен тереңдігі он зира болатын.

Хазреті Сәудә бөлмесін хазреті Айшаға өсиет еткен. Хазреті Сафийәнің бөлмесін қайтыс болғанға дейін тұру шартымен уәлилері жүз сексен немесе екі жүз мың дирхамға Муауия бин Әбу Суфйанға сатқан.

Халифа Абдулмәліктің пайғамбарымыздың әйелдеріне тән бөлмелерінің тәркіленіп, мешітке қосылуы туралы бұйрығы келіп, Мәдинада оқылған күні біраз адамдар көз жастарын төгіп, мәдиналықтар пайғамбарымыз қайтыс болған күнгідей көз жастарына ерік берген еді.

Саид бин Мусәййәб та: «Уаллаһи, олардың сол қалпында қалғандарын қатты қалар едім. Мәдина халқының жеткіншектері және Мәдинаға сырттан келгендер Расулуллаһтың қандай нәрселермен күнелткенін көріп, адамдар мал-мүліктерін көбейтуге және соларға мақтануға әуес болмас еді» деп осы мәселедегі ренішін білдірген.

 

Расулуллаһтың қорға салған мүліктері: Исламдағы алғашқы қор Ухудта шәһит болған яһуди ғалымы, әрі бай адам болған Мухайрықтың пайғамбарымызға тапсырылуын өсиет еткен, пайғамбарымыз қабылдап алып, қорға салған 1- Мисәб, 2- Сафийә, 3- Дәлал, 4- Хусна, 4- Бурка, 5- Ауаф, 7- Мәшрабә деген жеті бақша болып табылады.

Пайғамбарымыздың Мәдинадағы қорлары жалпы Мухайрықтың заттарынан құралады. Ибн Хумәйд айтады: «Халифа Омар бин Абдулазиз Мухайрықтың қорға салған құрма бауларынан құрманың әкелінуін сұраған еді. Бір табақ құрма әкелінді.

Омар бин Абдулазиз: «Әбу Бәкір бин Хазм маған былай деп жазды: Бұл құрма Расулуллаһтың кезеңінен қалған құрма ағашынан және Расулуллаһ одан жейтін» деді дегенде «Ей мүміндердің әмірі! Мұны біздің арамызда үлестір» дедім. Үлестірді. Әрқайсымызға тоғыздан тиді.

Омар бин Абдулазиз: «Мен Мәдина басшысы ретінде сол құрма бағына барған кезімде сол құрма ағашының құрмасынан жедім. Ол сияқты дәмді құрма жеген емеспін» деді.

Амр бин Мухажир айтады: «Расулуллаһтың заттары Омар бин Абдулазиздің қасындағы бір бөлмеде тұратын, өзі күнде барып көріп тұратын. Құрайыштықтардан келіп, жиналғандарды да сол бөлмеге қойып, оларға қарап: «Міне, Аллаһтың сендерді өзі арқылы қадірлі еткен адамның мирасы» дейтін. Олар:

1.     Бір дана құрма жапырақтарынан өрілген төсек,

2.     Бір дана беті теріден жасалған, іші құрма талшықтарымен толтырылған жастық,

3.     Бір дана үлкендеу қыш табақ,

4.     Бір дана су кесесі,

5.     Бір дана киім,

6.     Бір дана қол диірмен,

7.     Бір дана жебе сауыты,

8.     Бір дана көрпе.

 

Бұл көрпеге Расулуллаһтың басының мүбәрәк тері сіңген, одан керемет хош иіс шығатын.

Омар бин Абдулазиз ауырған кезде соның суымен жуынып, шипа табатын. Омар бин Абдулазиз мәдиналық табиин ғалымы, имам, фақиһ, мүжтәхид және сүннетті жақсы білетін адам болған. Анасы - Умму Асым бинти Асым бин Омар бин Хаттаб еді. Ол әділдік пен тақуалықта үлгі адам болған.

Имам Шафии: «Хуләфа-и рашидин бесеу: 1) Әбу Бәкір, 2) Омар, 3) Осман, 4) Әли, 5) Омар бин Абдулазиз» (радиаллаһу анһум) дейтін. Омар бин Абдулазиз әділдікте хазреті Омардың, тақуалықта Хасан-ул Басридің, ілімде имам Зухридің жолын ұстанған.