3 - Сафар, 1442 жыл.
     20 - Қыркүйек, 2020 жыл.   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Ислам ахлақы / Кінәланудан қорқу

Кінәланудан қорқу

4- Көңіл ауруының төртіншісі – адамдардың жамандауына, өсектеуіне, кінәлауына ренжу. Куфри жуһудиеге себеп болатын нәрселердің үшіншісі – адамдардан ұялу және өзгелердің жамандауынан, кінәлауларынан қорқу. Әбу Талибтың кәпір болуының себебі осы. Әбу Талиб хазреті Әлидің “радиаллаһу та’ала анһ” әкесі, Расулуллаһ алейһиссаламның немере ағасы. Ол Расулуллаһтың пайғамбар екенін білетін еді. Адамдардың жамандайтынынан қорқып, кінәлайтындарын ойлап иман келтірмеді. Әбу Талиб өлім төсегінде жатқанда Расулуллаһ алейһиссалам оның жанына келіп: «Ей көкем! Саған шапағат ете алуым үшін, лә иләһә иллаллаһ деп айт!»- деді. Әбу Талиб: «Ей бауырымның ұлы, айтқандарыңның дұрыс екенін білемін. Бірақ, адамдардың артымнан “Өлімнен қорқып иманға келді” деп айтуларын қаламаймын»- деді. Бәйдауи тәфсирінде Қасас сүресінің: «Сүйгендеріңді хидаятқа (бақытқа) қауыштыру сенің қолыңда емес» мағынасындағы 56-шы аяты кәримасының осы кезде түскені білдірілген.

Басқа бір риуаят бойынша Құрайш кәпірлерінің үлкендері Әбу Талибтың қасына келіп: «Сен біздің әміршімізсің, айтқандарың біз үшін заң. Бірақ, сенен кейін Мұхаммедпен “алейһиссалату уәссәлам” арамыздағы дұшпандықтың жалғасатынынан уайымдаудамыз. Оған, біздің дінімізді жамандамасын деп айт!»- дейді. Әбу Талиб Расулуллаһты алейһиссалам қасына шақырып алып, есіткендерін айтады. Расулуллаһтың олармен келісімге келмейтінін түсінгеннен кейін, мұсылман екенін аңғартатын кейбір нәрселер айтады. Расулуллаһ бұл сөздерді естіп, ағасынан иман келтіруін сұрайды. Оған Әбу Талиб: «Адамдардың маған тіл тигізетіндерінен қорқпағанымда иман келтіріп, сені қуантар едім»- дейді. Өліп бара жатып бір нәрселер айтады. Не айтқанын есту үшін Абдуллаһ ибни Аббас «радиаллаһу анһума» оның қасына жақындайды. «Иман келтіргенін білдіруде»- дейді.

Әбу Талибтың иман келтіргені күмәнді. Әһли сүннет ғұламаларының айтуы бойынша иман келтірмеді. Имам Ағзам Әбу Ханифа «рахимә-һуллаһу-таала» Әбу Талибтың кәпір болып өлгенін айтқан. Хазреті Әли «радиаллаһу анһ» Расулуллаһ алейһиссаламға келіп: «Имансыздықты таңдаған көкеңіз өлді» дегенінде: «Жу, кебінге орап, көм! Аллаһ қайтармағанша кешірілуі үшін оған дұға етеміз»- деді. Бірнеше күн үйінен шықпай дұға етті.

Бұл жағдайды естіген сахабалардың біразы кәпір болып өлген туыстарына дұға ете бастады. Осыған орай «Тәубә» сүресінің: «Пайғамбар мен иман келтіргендер өз туыстары болса да мүшриктер үшін дұға етпеуі керек» мағынасындағы жүз он төртінші аяты кәримасы түсті. Бір хадис шәрифте: «Қиямет күні кәпірлерден азабы ең жеңіл Әбу Талибтікі болады. Аяқтарында оттан аяқ-киім болады, мұның ыстықтығынан миы қайнайды» делінген.

Адамдардың жамандауынан және кінәлауынан қорықпаудың шарасы ретінде былай ойлау керек: Егер адамдардың жамандап айтқандары дұрыс болса, кінәларымды маған білдірген болады. Енді олай жасамауға бел байладым деп, мұндай жамандауларға қуану керек. Оларға рахмет айту керек. Хасан Басриге “раһимеһуллаһу та’ала” біреудің оны ғайбат еткені айтылды. Хазреті Хасан Басри өзін ғайбаттаған адамға бір табақ халуа жіберіп: «Сауаптарыңды маған сыйлағаныңды есіттім. Марапаты ретінде мына тәттіні жібердім»- деді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа хазреттеріне де біреудің оны ғайбат еткені білдірілді. Ғайбат еткен адамға бір кесе алтын жіберіп: «Бізге берген сауаптарын арттырса, біз де сияпатын арттырамыз»- деді. Ал егер адамдардың жамандау үшін айтқандары өтірік, жала болса, онда зияны айтқан адамға болады. Оның сауаптары маған беріледі. Менің күнәларым оған жүктеледі деп ойлау керек. Жала жабу, нәмимә жасау  ғайбат етуден де жаман болып табылады. Нәмимә ету – мұсылмандар арасында сөз тасу. [«Мәктубаты Масумийә» кітабының екінші том, 123-ші хатын оқыңыз]