12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Бисмиллаһ айтылатын жерлер.

Бисмиллаһ айтылатын жерлер.

Сұрақ: Бисмиллаһ айтудың үкімі қандай?

Жауап: Айтылатын жерге байланысты бисмиллаһтың үкімі өзгереді. Бірнеше мысал келтірейік:

Бисмиллаһ айту парыз болған жерлер: Мал сойып жатқанда Бисмиллаһ айту парыз болып табылады. Бисмиллаһсыз сойылған малды жеу харам болады.

Уәжіп болған жерлер: Намаздың тысында Фатиха сүресін оқитын кезде Бисмиллаһ айту уәжіп болып табылады. Шафии мазһабында кез-келген уақытта Фатиха оқитын кезде Бисмиллаһ айту парыз болады.

Сүннет болған жерлер: Намазда әр рәкатта Фатихадан бұрын, ғұсыл немесе дәрет алайын деп жатқанда, жеп-ішерде, хат жазарда және кез-келген пайдалы істі бастарда Бисмиллаһ айту сүннет болып табылады. Намаздың тысында Фатихадан басқа бір сүре оқиын деп жатқанда Бисмиллаһ айту сүннет болады.

Мүстаһаб болған жерлер: Намазда, Фатиха мен зәм сүре арасында Бисмиллаһ айту жаиз немесе мүстаһаб болып табылады.

Мубах болған жерлер: Жүрейін деп жатқанда, отырайын деп жатқанда және кез-келген мубах істі бастар алдында Бисмиллаһ айту мубах болып табылады.

Мәкрух болған жерлер: Әурет жерін ашарда, нәжіс бар жерге кірерде, Бәраа (Тәубә)сүресін алдыңғы сүремен қосып оқығанда, темекі тартарда және осы сияқты жаман иісті, мысалы сарымсақ, пияз сияқты нәрселерде жер алдында және сақал қырар алдында Бисмиллаһ айту мәкрух болып табылады.

Харам болған жерлер: Харам нәрсені істер алдында Бисмиллаһ айту харам болып табылады. Харам екенін біліп істесе харам болады, харам екеніне мән бермей немесе халал деп істесе күпір болады.

Күпір болған жерлер: Өзі харам болған, мысалы, ішімдік ішу, зина жасау, шошқаның етін жеу сияқты харам істерді істер алдында Бисмиллаһ айту күпір болады.  Бұл жерде харамды халал деп санағаны үшін немесе харамға мән бермегендіктен күпір болуда.