12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Қан алдыру

Сұрақ: Қан алдырудың пайдалы екендігін естідім. Кез келген адамның, кез келген уақытта қан алдыруы жақсы ма?

Жауап: Қан алдыру біреуге пайдалы, біреуге зиян болуы мүмкін. Сондықтан, кез келген адамның кез келген уақытта қан алдыруы дұрыс емес. Дәрігердің кеңесіне қарай, әсіресе жазда, ыстық мемлекеттерде тұратындардың, қан қысымы көтерілгендердің қан алдырулары пайдалы болуы мүмкін.

Хадис шәрифте «Қанның артуы (қысымының көтерілуі) Аллаһу та'аланың өлімге себеп қылған ауруларының бірі» делінген. (Бәззар)

Осы тұрғыдан қажеттілік туындаған кезде дәрігермен кеңесіп қан алдыру пайдалы! Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қан алдыру – ең жақсы емдеу әдістерінің бірі.» (Хаким)

«Күн ысығанда қан алдырыңдар! Өйткені қан қысымы көтеріліп, ауруға немесе өлімге себеп болады.» (Хаким)

«Қан алдыру көптеген ауруларға шипа. Қан алдырыңдар!» (Дәйләми)

«Миғраж түні әр кездестірген періштелер тобы үмметіме қан алдыруды кеңес берді.» (Хаким)

«Хазреті Жәбірейіл қан алдыруды кеңес бергені соншалық, міндетті түрде қажет деп ойладым.» (Дәйләми)

«Шипа беретін үш нәрсенің бірі қан алдыру.» (Бұхари)

«Қан алдыру ақылды арттырады, еске сақтау қабілетін күшейтеді.» (Хаким)

«Бастан қан алдыру алапес, естен алжығандық, ақ дақ, ұмытшақтық, көз қараюы, бас және тіс ауруларына шипа.» (Табарани)

«Денесінен қан алдыру 72 түрлі ауруға дауа.» (Табарани)

«Қан алдыру қандай жақсы әдет.» (Дәйләми)

«Қан алдыру пайғамбарлардың әдеті.» (Тирмизи)

 

Қан алдыру күндері

Қан алдыру кейбір күндер мен кейбір жағдайларға байланысты пайдалы немесе зиянды болуы мүмкін.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Жексенбі күні қан алдыру шипа.» (Дәйләми)

«Аш қарынға қан алдыру дауа, тоқ кезде болса дерт.» (Дәйләми)

«Араби айлардың 17, 19 немесе 21 күні қан алдыру көптеген дерттерге шипа.» (Хаким)

«Айдың он жетісіне тура келетін Сейсенбі күні қан алдыру бір жылдық ауруға шипа.» (Бәззар)

«Дүйсенбі немесе Сейсенбі күні қан алдырыңдар!» (Ибн Мажа)

«Сәрсенбі мен Сенбі күні қан алдырып, бір ауруға шалдықса, өзінен басқа ешкімді айыптамасын!» (Әбу Дауд)

«Бастың шұқырынан қан алдыру ұмытшақтыққа себеп болады.» (Дәйләми)

Қан алдырудың пайдаларын білген адам дәрігердің бақылауынан өтпестен жиі жиі қан алдырса зиянды болуы мүмкін. Қажеттілігіне қарай қан алдыру керек!

Қан алдырғаннан кейін моншаға кірмеу керек, қауіпті болуы мүмкін. Тұзды тағамдар пайдалы. Сүт пен айран ішпеу керек, суды да аз ішу керек! Сәрсенбі мен Сенбі күндері қан алдыру мәкрух болады.

Хадис ғалымдарының бірі сенбі күні қан алдырды. Емделмейтін барас (ақ дақтар) тері ауруына шалдықты. Дәрігерлер еш шарасын таба алмады. Ол кісі Аллаһу та'алаға жалбарынды, жылады, сәждеге бүгіліп Раббысына сиынды. Сәждеде ұйықтап қалды. Расулуллаһты түсінде көріп ауруын айтты. Пайғамбарымыз, «Осы жөніндегі хадисімді естімедің бе?» деді. Естідім, бірақ дұрыстығына күмән келтірдім, ойдан шығарылған болуы мүмкін деп ойлағандығын айтты. «Менен білдірілген және хадис делінген сөзге не үшін ұқыпты болмадың?» деп, мүбәрек қолымен жараларды сипады. Әлгі кісі оянған кезде ауруынан із де қалмағанын көрді. Осыдан кейін хадис шәрифтерді ойдан шығарылған деп ойлаудан сақ болып, ұқыпты болды. (Шира)

 

Сұрақ: Анализ үшін қан берген кезде қан алдыруға ниет ету жаиз ба?

Жауап: Иә. Ниет етілген кезде сүннет сауабы беріледі.

 

Сұрақ: Анализге қай күндері қан берген дұрыс?

Жауап: Қан алдыру басқа, анализге қан беру басқа. Жексенбі, дүйсенбі және сейсенбі күндері қан алдырған жақсы. Сәрсенбі мен сенбі күндері мәкрух.