12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Жаңадан мұсылман болғандар

Жаңадан мұсылман болғандар

Сұрақ: Жақында ғана мұсылмандықты қабылдаған бір шетелдік досым бар. Оған ең алдымен нені үйретуім керек?

Жауап: Ең алдымен иманды, яғни Аллаһу та'аланы, Оның сипаттарын, Расулуллаһ алейһиссалам Аллаһу та’аланың пайғамбары екендігін, «Әмәнту»-де білдірілген алты шартты, одан кейін Исламның бес шартын және намаз оқуын үйрету керек. Өйткені хадис шәрифте былай делінген:

«Әһли кітап (кітапты кәпір) қауымды дінге шақыруға барғанда, алдымен “Лә илаһә илаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ” деп айтуға шақыр. Мұны қабыл ететін болса, күніне бес уақыт намаздың парыз екенін білдір. Мұны да қабыл етсе, Аллаһ мұсылмандардың бай болғандарынан алынып кедейлеріне берілетін зекетті парыз қылғанын айт.» (Бұхари, Мүслим, Әбу Дауд)

Бұл хадис шәрифте ең алдымен Аллаһқа иман келтірумен қатар Расулын да растау қажеттігі білдірілген. Расулуллаһтың Аллаһу та’аланың пайғамбары екендігін растамаған адам мүмин және мұсылман бола алмайды.

 

Сұрақ: Жаңадан мұсылман болған адамның немесе балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс баланың, ең алдымен шаһадат калимасын айтуы және мұның мағынасын түсініп, сенуі керек пе?

Жауап: Иә. Одан кейін Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында жазылған фиқһ ілімдерін, яғни Исламның бес шартын және халалмен харамдарды үйреніп, бұларға сенуі және сол бойынша өмір сүруі керек. Осыларды үйрену және мойынсұну керектігіне сенбеген, мән бермеген адам мүртәд болады. Яғни шаһадат калимасын айтып мұсылман болғаннан кейін қайтадан кәпір болады.

Кішкентай кезінде құда түсіп, некеленген мұсылман қыз, балиғат жасына толған кезде мұсылмандықты білмесе, некесі бұзылады. Яғни мүртәд болады. Аллаһу та'аланың сипаттарын оған түсіндіру керек. Ол да бұларды қайталап, «Бұған сендім» деуі керек. (Дуррул Мухтар)

Хазреті Ибн Абидин мұны түсіндіріп, былай деген:

Қыз кішкентай кезінде ата-анасына бағынышты болғаны үшін мұсылман болады. Балиғатқа толғанда ата-анасының дініне бағынышты болуы жалғаспайды. Ислам дінін білмеген күйі балиғатқа толса мүртәд болады. Иман етілуі керек нәрселерді естігенімен сенбеген адам, тауһид калимасын айтса, яғни «Лә илаһә илаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ» десе де, мұсылман бола алмайды. «Әмәнту биллаһи...»-дегі алты шартқа сенген және «Аллаһу та'аланың әмірлері мен тыйымдарының барлығын қабыл еттім, ұнаттым» деген адам мұсылман болады.

Әрбір мұсылман бала-шағасына «Әмәнтуді» жаттатқызуы керек, мағынасын жақсылап түсіндіруі керек! Бала осы алты шартты үйренбесе және сенгендігін айтпаса, балиғатқа толған кезде мүртәд болады.

Тек қана Аллаһқа сендім деп айту жеткіліксіз. Әмәнтуде білдірілген алты негізден біреуіне, мысалы тағдырға сенбеген адам кәпір болады. Бүкіл жақсы амалдары жоқ болады. (Рәддул Мухтар)

 

Сұрақ: Кәпір адам, «Мені Ислам дініне сай жерлеңдер» десе, мүмин болып санала ма?

Жауап: Жоқ. Шаһадат калимасын немесе мағынасын айтатын болса саналады.

 

Сұрақ: Жақында мұсылман болдым. Фиқһ білімім жоқ, бүкіл нәрсені енді үйреніп жатырмын, күпірге себеп болатын нәрселерді толығымен білмеймін. Білмей күпірге түсіретін бір нәрсе істесем немесе айтсам, бұл жағдайда менің жағдайым не болады? Білмей қалып жасасам, иманымды жоғалтқан боламын ба?

Жауап: Жоқ, иманыңызды жоғалтқан болмайсыз. Польша сияқты жерлерде енді мұсылман болған адам, әрине күпірге себеп болатын нәрселердің көбісін білмейді. Білмегені үшін де оған бірден күпірге түстің делінбейді. Онда не істеу керек? «Аллаһу та'ала мен Расулына және Оның Аллаһу та'аладан жеткізгендерінің барлығына сендім, ұнаттым, қабыл еттім. Аллаһу та'аланың және Расулының достарын жақсы көремін және дұшпандарын жақтырмаймын» деп айту жеткілікті. Дініміз білдірген бір мәселеде күмәнға түскен адам, «Аллаһу та'ала және Оның пайғамбары бұл нәрсемен нені білдіргісі келген болса, сол күйінде иман еттім, сендім» деуі керек.

Ескерту: Басқа бөлімдерде Әмәнтудың бұл алты шарты жөнінде кеңірек мәлімет берілген.

 

Сәжденің маңызы

Сұрақ: Бір мұсылман емес адам сәжде аятын естігеннен кейін тилауәт сәждесін жасаса, бұл адамға мұсылман болды деп айтуға бола ма?

Жауап: Иә. Бұдан оның мұсылман екендігі түсініледі. (Бәззәзийа, Ибн Абидин)

Тағы осы сияқты намаздарын жамағатпен оқыған адамның мұсылман екендігі аңғарылады, өйткені Исламнан бұрынғы хақ діндерде намаз жалғыз оқылатын, жамағатпен оқылмайтын. (И.Ахлақы)

Дінімізде сыртқы көрініс бойынша үкім берілгені үшін, бір мұсылман болмаған адам бұларды жасаған кезде мұсылман екендігіне үкім беріледі. Қате сенімінен бас тартпайынша, дініміз білдірген негіздерге иман етпейінше, тек осыларды орындаумен мұсылман болып саналмайды. Мұсылман болып көріну үшін екі жүзділік жасаған да болуы мүмкін, бірақ күпірін белгілі қылатын бір сөзі немесе әрекеті көрінбейінше дүниеде оған мұсылман ретінде мәміле жасалады.