Күнә істеудің зияндары
Сұрақ: Күнә істеудің қандай зияндары бар? Жауап: Күнә істеген адам дүние мен ахиретте үлкен қиындықтарға тап болады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Күнә істеген кезде көңілде (жүректе) қара нүкте пайда болады. Егер тәубе етсе ол дақ өшеді. Күнә істеуді жалғастырса, ол дақ үлкейеді және көңілді толығымен қаптайды.» (Нәсаи) (Көңіл (жүрек) қарайғаннан бастап ғибадат ету қиын болады, күнә істеу оңайға соғады.) «Күнә істеуді жалғастырған адамдардың уақыт өте келе көңілі (жүрегі) мөрленеді. Ол адам сауап істей алмайтын болып қалады.» (Бәззар) «Дерттерің – күнәлар, дауасы истиғфар.» (Дәйләми) (Адамдардың басына келетін бүкіл қиыншылықтар күнәларының кесірінен. Истиғфар еткен кезде, яғни өкініп тәубе еткен кезде күнәлары жойылады.) «Өзін күнәлардан қорғамаған адамды Аллаһу та'ала (дүние мен ахиретте пәлекеттен) қорғамайды.» (Ибн Хузәйми) (Күнәдан қашуға тырыссақ, Аллаһу та'ала да бізге жәрдем береді. Күнәдан тыйылуға мән бермесек, пәлекеттерден құтыла алмаймыз.) «Адам істеген күнәларының кесірінен ризқынан махрұм қалады.» (Хаким) (Күнә істеген адамның табысында береке болмайды. Өмірі қиындықтар арасында өтеді.) Барлық күнәні өте қауіпті деп білу керек! Мүминнің белгілерінің бірі – күнәсін өте қауіпті деп біледі. Хадис шәрифте: «Мүмин күнәсін төбесінде тұрған таудай көреді, одан үстіне құлап кететіндей қорқады. Мүнафық болса мұрнына қонған шыбындай көреді, қазір ұшып кететінін ойлайды» – делінген. (Бұхари) Жасырын істелінген күнәны әркімге айта беру де екінші бір күнә болады. Мұндай күнәлардың кешірілуі қиын болады. Хадис шәрифте: «Әр мүмин кешіріледі, тек күнәларын басқаларға жариялағандардан басқа» делінген. (Бұхари) Күнәны жасырын түрде де, ашық түрде де жасауға болмайды. Бір аяти каримада: «Ашық болса да, жасырын болса да күнәлардан сақтаныңдар!» делінген. (Әнам, 120) Бірақ жасырын істелінген күнәны өзгелерге жариялау екінші бір күнәның жазылуына себеп болады. Ибн Абидин хазреттері, «Күнәсын жариялау бөлек күнә болады. Жасырын істелінген күнәны басқаларға айтып беру де күнә» деген. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Кімде-кім, дүниеде күнәларын жасырса, Аллаһу та'ала да қияметте сол күнәны адамдардың көзінен жасырады.» (Мүслим) «Бір күнәға түскен адам, Аллаһтың жамылғысын оның үстінде қалдырсын!» (Мүслим) Күнәдан бастарта алмаған адам, жаман үлгі болмау үшін күнәсын жасыруы керек. Ораза ұстай алмаған адам, жасырын жеп-ішуі керек. Ашық жеуі тағы бір күнә болады. Күнәлардың барлығы Аллаһу та'аланың әмірін орындамау болғандықтан бәрі де үлкен. Бір хадис шәрифте: «Өте аз бір күнәдан сақтану, бүкіл жын мен адамдардың ғибадаттарының қосындысынан да артық» делінген. Әр бір күнә Аллаһу та'алаға мойынсұнбаушылық болғаны үшін үлкен, бірақ кейбірлері кейбірлеріне қарағанда кіші болып көрінеді. Бір кіші күнәны жасамау бүкіл жаһанның нәпіл ғибадаттарынан абзал, өйткені нәпіл ғибадат орындау парыз емес. Ал күнәлардан сақтану – парыз. (Риядун Насихин) Демек, күнә істеу арқылы ғибадат жасалмайды. Олай болса, бір парызды орындаған кезде харам істеу мәжбүрлігі болса, харам істемеу үшін парыз кейінге қалдырылады. Бір сүннетті істеген кезде де, мәкрух істеу қажет болса, мәкрухтан қашу үшін сүннет тәрк етіледі. Аллаһу та'аланың тыйым салғандарынан сақтанбау күнә болғаны сияқты, әмірлеріне мән бермеу де күнә. Харам істемеу парызды орындаудан бұрын келсе де, парызды орындамаудың күнәсы харам істеу күнәсынан көбірек. Мысалы, намаз оқымау арақ ішуден үлкенірек күнә. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Күнәлардан жиренетін және ғибадаттардан ләззат алатын адам шынайы мүмин.» (Табарани) «Күнәлардан қатты қорыққан адам Аллаһқа ең көп ғибадат еткендерден болады.» (Ибн Мажә) Күнә істеуді жалғастырған адам ұмытшақ болады, ақымақ болып, ақылы азаяды. Хадис шәрифте: «Күнә істеген адамның бір ақылы кетеді, қайтып келмейді» делінген. (И. Ғазали) Олай болса, күнә істеуден қатты сақтану керек.
Сұрақ: Күнә істеудің дүние істеріне де зияны бар ма? Жауап: Иә, күнәлар дүние істеріне де зиянын тигізеді. Бірақ әрбір жұмыс, нәтижесімен өлшенеді. Хадис шәрифте: «Дүние ахиреттің егістігі» делінген. Дүниеде ештеңе екпесек, ахиретте не жинаймыз? Күнә істеген адамның ақылы азаяды, есте сақтау қабілеті бұзылады. Мұндай адам дүние істерін де алып жүре алмайды. Ахиретіне де зияны көп болады. Хадис шәрифте: «Күнә істеген адамның қалпына келмейтіндей болып ақылы азаяды.» делінген. Ибн Мәсуд хазреттері: «Күнә істеген адам білгендерінің кейбірлерін ұмытады» деген. Хадис шәрифте де былай делінген:«Күнә істеген адам ризықтан махрұм қалады.» (Ибн Мажа) Фудайл бин Ияд хазреттері: «Достарыңнан келген қиыншылықтар – күнәлардың нәтижесі» деген. Хадис шәрифте де былай делінген:«Шағымданып жүрген нәрселерің – амалдарыңның бұзылғандығынан.» (Бәйһақи) Бір мүбәрәк кісі де, «Тышқандардың үйімді қаптап кетуін күнәларымның жазасы деп білемін» деген. Бір хадис шәрифте: «Нәпістің қалауларын таңдаған адам ғибадаттардың ләззатын ала алмайды» делінген. Арифтерден болған бір кісі, батпақ және тайғақ жолда келе жатады. Лайға түспеу үшін абайлап жүреді. Бұған қарамастан батпаққа құлап домалайды. Үстінің бәрі лай болады. Бұдан кейін лайға мүлдем мән бермей жүре бастайды. Одан кейін жылап былай дейді: «Міне күнәға түсуден бұрын күнәлардан сақтанған адамдардың жағдайы осындай. Бір-екі рет күнәға түскеннен кейін сол күнәларды істеуден тартынбайды. Бұл, бір күнә екінші бір күнәны тартатындығын көрсетіп тұр.» Күнәға тосқауыл қойылмаса, бәріне зиян тиюі мүмкін. Хадис шәрифте былай делінген: «Фухуш (бұзылғандық, арсыздық, жезөкшелік) жайылған кезде зілзала мен фитна (бүлік) көбейеді.» (Дәйләми) «Бұзылғандық қаптаған кезде, жақсы-жаман барлық адамдар жалпылық азапқа тап болады. Одан кейін жақсылар Аллаһу та’аланың разылығына қол жеткізеді.» (Табарани) Күпірліктен басқа, үлкен күнә істегендерге кәпір демеу керек болса да, күнәларды жалғастырған адамның уақыты келе жүрегі қараяды, харамдарды істеген кезде іші қынжылмайды, иманы да әлсіреп бір күні толығымен сөнуі мүмкін. Сондықтан да күнәлардың кішісінен де, үлкенінен де өте қатты сақтану қажет. Аллаһу та'аланың ақысы болған күнәлар үшін тәубе ету керек, өкініш және реніш сезіну керек, күнәны тәрк етіп, өтеу үшін көп сауапты іс жасау керек. Хадис шәрифте былай делінген: «Күнә істеген кезіңде өтемі ретінде оны жоятындай сауапты амалдар жаса!» (И. Ғазали) Құл ақысының жазасы үшін, ақының иесі өлген болса ол адамды рахметпен еске алу керек, бала-шағасына және мұрагерлеріне жақсылық жасау керек. Ақы иесінің күнәлары үшін истиғфар етіп тұру керек. Хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһу та'ала истиғфар етіп жүрген адамды әртүрлі қиыншылықтардан құтқарады, әр тарлыққа бір кеңдік береді және оған күтпеген жерден ризық жібереді.» (Нәсаи) «Аллаһу та'ала былай деді: Ей құлдарым, қорғаған адамдарымнан өзге барлығың күнәһарсыңдар. Күнәларыңа истиғфар етсеңдер сендерді кешіремін. Кімде-кім өзін кешіруге құдіретті екенімді білсе, оның күнәларын кешіремін.» (Тирмизи) «Бір адам, «Раббым, Сен нұқсан сипаттардан пәксің. Мен өз нәпсіме зұлымдық еттім. Жаман істер жасадым. Сенен басқа күнәмды кешіретін ешкім жоқ. Сен мені кешір!» дейтін болса, құмырсқалардың санындай күнәсы болса да, Аллаһу та’ала оны кешіреді.» (Бәйһақи) |