18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   


Ужб

14 – Жаман мінездердің он төртіншісі ужб. Ужб – істеген ғибадаттарын, жақсылықтарын ұнатып, осылармен мақтану деген сөз. Істеген ғибадаттарының, жақсылықтарының құндылығын біліп, бұлардан айырылып қалуды ойлап қорқу, қайғыру ужб болмайды. Немесе бұлардың Аллаһу та’аладан келген ниғметтер екенін ойлап, қуану да, ужб емес. Бұлардың Аллаһу та’аладан келген ниғмет екенін ойламай, өзі жасағанын, өзі тапқанын ойлап қуану, өзін жақсы көру, ужб болады. Ужбтың терісіне «миннет» делінеді. Миннет, ниғметке өз күшімен, өзінің жұмысымен қауышпағанын, Аллаһу та’аланың мейірімі және жақсылығы екенін ойлау дегенді білдіреді. Бұлай ойлау, ужб қауіпі төнгенде парыз болады. Басқа уақыттарда мүстаһаб. Адамды ужбқа итермелейтін себептердің басында жаһилдік (сауатсыздық) және ғафлет (нәпсіне еріп, Аллаһу та’аланың әмірлерін ұмыту) тұрады. Бұл ужбтан құтылу үшін, барлық нәрсенің Аллаһу та’аланың қалауымен және жаратуымен болатынын және ақыл, ілім, ғибадат ету, мал-мүлік, мансап сияқты құнды ниғметтердің, Аллаһу та’аланың мейірімі және жақсылығы екенін ойлау қажет. «Ниғмет» - адамдарға пайдалы, жағымды, ұнамды келетін нәрсе деген сөз. Барлық ниғметтерді беретін Аллаһу та’ала. Одан басқа жаратушы және жіберуші жоқ. Сахабалардың кейбіреулері “радиаллаһу та’ала анһум әжмаин” Хунейн соғысында мұсылман әскердің көптігін көріп, енді біз ешқашан жеңілмейміз деді. Бұл сөздер Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” құлағына жеткенде ренжіді. Сол себепті соғыс басталғанда нусрети илаһи (Құдайдың жәрдемі) жетпей, жеңілу басталды. Кейін Хақ та’ала рақымдылық етіп, жеңіс нәсіп етті. Дауд алейһиссалам дұға жасап жатқанда «Йа Раббым! Балаларымның біразының намаз оқымаған ешбір түні жоқ және ораза ұстамаған ешбір күні өтпеген» деген еді. Бұған байланысты Аллаһу та’ала: «Мен қаламағанда, қуат пен мүмкіншілік бермегенде, бұлардың еш қайсысы жасалмайтын еді» деп бұйырды. Дауд алейһиссаламның бұл сөзі ғайрети-илаһийге (Аллаһтың ашуына) тиді, осылайша тарих кітаптарында жазылған қиыншылықтардың басына келуіне себеп болды. Тәкаппарлыққа себеп болатын нәрселерді өткен бөлімдерде білдірген едік. Бұлар ужбқа да себепші болады. Аллаһу та’аланың ниғметтеріне шүкір ету де, үлкен бір ниғмет.

Ужбтың зияндары, апаттары көп: Тәкаппарлыққа себеп болады. Күнәларын ұмытуға себеп болады. Күнә көңілді (жүректі) қарайтады. Күнәларын ойлаған адам, ғибадаттарын үлкен деп санамайды (көрмейді). Ғибадат жасаудың да, Аллаһу та'аланың мейірімі, жақсылығы екенін ойлайды. Ужб иесі болған адам Аллаһу та’аланың мәкрін (жазасын) және азабын ұмытады. Басқалардан пайдаланудан махрұм қалады. Ешкіммен кеңеспейтін, ақылдаспайтын болады.

Хадис шәрифте: «Үш нәрсе пәлекетке сүйрейді: Бухл (сараңдық), хауа (нәпсіне берілу) және ужб». Бухл иесі, яғни сараң адам, Аллаһу та’алаға және құлдарына болған ақыларын және міндеттерін өтеуден махрұм болады. Хауасына, яғни нәпсінің қалауына еріп және ужб иесі болған, яғни нәпісін жақсы көрген адам, апатқа, пәлекетке душар болады. Имам Мұхаммед Ғазали “рахимәһуллаһу та’ала” былай дейді: «Барлық жамандықтардың басы, негізгілері үшеу: Хасад, рия және ужб. Көңіліңді (жүрегіңді) осылардан тазартуға тырыс!» Ужб иесі болған адам, әрқашан "мен, мен" дейді. Жиналыстарда бас жақта болғанды қалайды. Әр сөзінің мақұлданғанын қалайды.

Хадис шәрифте: «Күнә істемесеңдер, одан да үлкен күнәға тап болуларыңнан қорқамын. Ол – ужб» делінді. Күнә істеген адамның басы иіледі. Өзің кінәлі санағандықтан тәубе ете алады. Ужб иесі болған кісі ілімімен, амалымен тәкаппарланады. Өзін аспанда деп біледі. Эгоист болады. Ондайлардың тәубе етуі қиын болады. Күнә істегендердің ыңырсып тәубе етулері, Аллаһу та’алаға тәспі тартқандардың мақтануынан жақсырақ. Ужбтың ең жаманы қателерін, нәпісінің қалауларын ұнатуы. Ондайлар ірдайым нәпісіне ереді. Насихатты қабылдамайды. Басқаларды сауатсыз, надан деп санайды. Алайда, нағыз надан өзі. Бидғатшылар, мазһабсыздар осындай. Олар бұзылған, азғын ақидаларын және амалдарын, тура және жақсы деп біліп, оларға байланып қалған. Мұндай ужбтың емі өте қиын. Маида сүресіндегі: «Өздеріңе қараңдар. Тура жолдан өздерің таймасаңдар, басқалардың адасуы сендерге зиян тигізе алмайды» деген жүз бесінші аятының мағынасын Расулуллаһтан сұрағанда, жауабында: «Исламның әмірін білдіріңдер және тыйым салғандарын түсіндіріңдер! Бір адам ужб етіп, сендерді тыңдамаса, өз халдеріңді жақсартыңдар» деді.Ужб ауруларының шипасын дайындаған ғалымдар, Әһли сүннет ғалымдары. Бірақ науқастар өздерінің ауру екендіктерін білмегендері үшін, өздерін сау деп санағандары үшін, бұл дәрігерлердің насихаттарын, ілімдерін қабыл етпейді, пәлекетте қалады. Ал негізінде бұл ғалымдар Расулуллаһтан “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” алған шипаларды еш өзгертпей, бұзбай ұсынуда. Надандар, ақымақтар бұл шипаларды, солар жасады деп санайды. Хақ жолдамыз деп ойлап, өздерін ұнатады.

    [Көбінесе бидғатшылар, адасқандар тәкаппар, менменшіл келеді. Хақты, насихатты қабылдамайды. Тез ашуланып, кез келген бүлікке, фитнаға дайын тұрады. Мәселенің анық-қанығын білмей тұрып, көрінген нәрсеге бидғат, ширк, күпір деп лай шапқылауды әдеттенеді. Қазіргі таңда мұндай әрекеттер ең көп мазһабсыздардан (уаххаби, сәләфилерден) шығуда. Фитнаға себеп болуда. Ондай адамдардан аулақ болу керек.]