6 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     9 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Еңбекпен тапқан мал жақсы

Еңбекпен тапқан мал жақсы

Бұл дүние сынақ, ахирет жолаушылары мұнда қонақ. Адамға бұл жерде азық-түлік және киім-кешек керек. Ал бұлар еңбек етпейінше қолға түспейді. Барлық уақытын ақша табумен өткізген адам да алданады. Әрі ахирет үшін дайындалу керек, әрі дүниедегі қажеттіліктерін де қамтамасыз ету керек. Бірақ, бұларды да ахирет сапары үшін қажет екендігін ойлап табу керек.

Өзінің және бала-шағасының қажеттіліктерін халалдан табу, ешкімге мұқтаж болмау – жиһад болып табылады. Мұның сауабы көптеген ғибадаттардан да артық. Хадис шәрифте: «Бір мұсылман табысын халалдан тауып, ешкімге мұқтаж болмаса және көршілеріне, туыстарына жәрдем берсе, қиямет күні, айдың он төртінші түніндегідей жарқыраған, нұрлы болады» делінген.

Иса алейһиссалам бір мүминге:

-Қайда жұмыс істейсің? – деп сұраған кезде, мүмин:

-Ғибадатпен уақытымды өткіземін, – деп жауап қайтарады.

-Жарайды, онда қайда тамақтанасың? – деп сұрағанда,

-Бүкіл қажет нәрселерді бауырым береді, – дейді. Сол кезде Иса алейһиссалам:

-Олай болса, бауырың сенен де құнды ғибадат жасап жүр, – дейді.

Еңбек етіңдер, табыс табыңдар!..

Хазреті Омар былай деген:

«Еңбек етіңдер, табыс табыңдар, Аллаһу та’ала ризығымды жұмыс істемесем де жібереді демеңдер! Аллаһу та’ала аспаннан ақша жаудырмайды.»

Хазреті Лоқман Хаким ұлына насихат берген кезде, «Жұмыс істе, ақша тап! Жұмыс істемей әркімге мұқтаж боп жүрген адамның діні мен ақылы нұқсан болады, жақсылық жасаудан махрұм қалады және бәрі оны жәбірлейді» деді.

Әулие бір кісіден:

-Өзі, сөзі дұрыс болған адал саудагердің дәрежесі жоғары ма, әлде түні бойы намаз оқып, күндіз ораза ұстайтын тақуаның дәрежесі жоғары ма? – деп сұралған кезде:

-Адал, сенімді саудагер қайырлырақ. Өйткені, әр сағатта шайтанмен жиһад етіп жатыр. Шайтан саудада оны алдауға тырысуда, ал ол Аллаһу та’аланың әмірімен разылығына мән беруде, – деді.

Имам Әузаи хазреттері Ибраһим Әдхам хазреттерінің бір бау отын арқалап келе жатқанын көрген кезде:

-Неге осыншама қиындық көріп жүрсің? Бауырларың сені ешнәрсеге мұқтаж етпейді ғой, - дейді. Ибраһим Әдхам хазреттері:

-Олай деме, пайғамбарымыз хадис шәрифінде, «Ақшаны халалдан табу үшін қиындық көргендерге жаннат уәжіб болады» деген,-дейді.

Бір хадис шәрифте: «Өзін басқалардан садақа сұрайтындай дәрежеге түсірген адамды Аллаһу та’ала жетпіс нәрсеге мұқтаж қылады» делінген.

Имам Ғазали хазреттері былай деген:

«Кәсіп, яғни жұмыс істеп ақша табу, мүлікті арттырады, бірақ ризықты арттырмайды. Ризық белгіленген, тағдырда жазылған. Адамдар Мушәууәш уз-Зихн, яғни ақылдары аралас болып жаратылғаны үшін кәсіппен айналысу, жұмыс істеу әмір болды. Ризық айлыққа, мал-мүлікке, жұмыс істеуге байланысты емес. Осындай болса да, жұмыс істеу керек. Өйткені адети илаһийә (Аллаһу та’аланың әдеті) осындай.»

"Мұхит" кітабында былай делінген:

«Аштықтан өлуге шақ адам өлген ит пен басқа адамның мүлкі болған қой етін тапса, екеуі де харам болса да, басқаның мүлкін жемей, итті жеуі керек. Ит жоқ болса, басқа адамның мүлкін өлмейтіндей мөлшерде жей алады.»

Пайғамбарымыз: «Бір замандар келеді, адамдар тек мал-мүліктің, ақшаның келуін ойлап, халалын, харамын ойламайды» деген.

 

Қанағат қарын тойғызар...

 

Олай болса, мұсылман әр алғанын халал ма, харам ба деп ойлауы керек, харам болса алмауы керек. Алған нәрсенін ақысы болғандарға беруді, кедейлерге, мұқтаждарға жәрдем беруді ойлауы керек. Өйткені адамдардың ең жақсысы – адамдарға жақсылық жасағаны. Адамдардың жаманы – адамдарға жамандық қылғаны. Адам тапқанына қанағат ету керек, Аллаһу та’аланың бергеніне разы болуы керек. Хадис шәрифте, «Қанағат еткен адам тояды» делінген.

Аллаһу та’ала бес нәрсені бес нәрсенің ішіне қойған. Осы бес нәрсені алған адам, ішіндегісіне қол жеткізеді. «Қадірлілікті, абыройды ғибадатқа; кедейлікті, жоқшылықты күнәға; ілімді, хикметті көп тамақ жемеуге; айбындылықты, құрметті түнде намаз оқуға; байлықты, ешкімге мұқтаж болмауды қанағатқа бағынышты қылған.»

Қорыта айтқанда, мал-мүлік мүминнің жәрдемшісі. Жұмыс істеу керек және халалдан ақша табу керек. Жұмыс істемей мұқтаж болған адам, дінін қолдан жіберіп алуы мүмкін. Дінін сатып нан жемеу үшін маңдай тері арқылы нан тауып жеу керек. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Өз еңбегіңмен, маңдай теріңмен тап, дініңді сатып азықтанба!»