Қиыншылықтар негізінде ниғметӘһли хикмет ғұламалар былай деген: Бұл дүние – тікендер даласы. Бұл далада адамдардың іздеп таба алмай жүрген екі нәрсесі – қуаныш пен рахаттық. Екеуі де жәннатта болады. Ал бұл дүниедегілер өткінші және алдамшы. Дерт пен бәле-жала ең көп пайғамбарларға келеді, одан кейін оларға ұқсаған үлкен әулиелерге келеді. Аллаһу та’ала бәле-жаланы ең көп Ислам дініне ең көп мойынсұнғандарға береді. Хазреті Әли: «Мүмин бәле-жаладан құтыла алмайды»- деген. Бұның көптеген хикметтері бар. Ахиретте дәрежесі жоғары болсын және қателіктері, күнәлары кесірінен ахиретте қиыншылық тартпасын деп Раббымыз мұсылмандарға көп бәле-жала береді. Мүминнің қуанышы жүзінде, белгісі күлімдеген жүзі. Ал мұнафиқтың белгісі қабағын түйіп жүруі. Кедейлерге берілген садақа намаздағы кемшіліктерді кетіреді. Аллаһу та’ала кедейлерге қаншалықты қадір берген, оларға берілген садақа біздің намаздарымыздағы кемшіліктерімізді жабуда. Сондықтан адамдардың емес, Аллаһтың қадір бергендеріне құрмет көрсетуіміз керек. Бұл дүниеде ешкімі жоқ ғарип, жолаушы сияқты болу керек және өзін әлдеқашан өлген деп қабылдау керек. Не істесек те, қаншалықты ұзақ өмір сүрсек те, бір күні міндетті түрде өлеміз. Өлгеннен кейін өкіну пайда бермейді. Олай болса, қазірден соған дайындалуымыз керек. Әдетте жас келген сайын адамдардың дүниеге деген сүйіспеншілігі арта түседі. Бұрынғылар бұған хырси пири (кәрілік құштарлығы) деген. Бұл нәрсе өте жаман. Адам қартайған сайын негізі мұның терісі болуы, дүниеден барған сайын көңілі қалып, суып бара беруі керек. Өлімнің жақындағанын ойлап дүниелік жұмыстарды азайтудың орнына терісін істеп дүниелікке жабысу ақылды адамның тірлігі емес. Сондықтан жас келген сайын дінімізге, яғни Әһли сүннетке қызметті арттыру керек. Ахиретке жарамды істерді көбейту керек. Мұсылманның бұл дүниеде демалысы болмайды, оның демалысы оған жаназа оқылған кезде басталады.
Қайғылы адамның дұғасы Бір шәкірті Суфйан Саури хазреттеріне былай дейді: – Ұстазым, біздің жанұяда адам көп, ал табысымыз өте аз, қиын өмір сүріп жүрміз. Кейде үйден "ұн алып кел, май алып кел"- деп сұрап жатады, ал сондай кездерде менде мүлдем ақша болмайды, бұған қатты қайғырамын. Дұға етіңізші, Раббымыз бізге көбірек жіберсін. Суфйан Саури хазреттері оған: – Сол азық-түлік сұралған кезде сенде ақша жоқ болса, көңілің қайғырады. Аллаһу та’ала хадис құдсиде: «Мен көңілі ренжулі, қайғылы болғандардың жанындамын»- деген. Яғни «Науқастардың, дерттілердің, қиналып жүргендердің, қарызға батқандардың жанындамын. Олардың дұғаларын қабыл етемін»,- деген. Бұл жағдайда сенің дұғаң біздің дұғамыздан құндырақ, сен мұндай жағдайларда өз-өзіңе, әрі бізге де дұға ет! – деп жауап береді. |