2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Тәубе – күнәлардан тыйылу деген сөз

Тәубе – күнәлардан тыйылу деген сөз

Истиғфар – сөз ретінде мағфирет, кешірім сұрау деген мағынаға келеді. Ал термин ретінде, адамның Аллаһу та'аладан кемшіліктері мен күнәларын кешіруін тілеуі деген мағынаны білдіреді. Истиғфар ету – «әстағфируллаһ» деп айту деген сөз және бұл тәубә ету деген мағынаға да келеді. Құран кәрімде Ниса сүресінің жүз тоғызыншы аятында: «Кімде кім күнә істесе немесе өзіне зұлымдық жасаса, сосын осы істегеніне өкініп, Аллаһу та'алаға истиғфар етсе, Аллаһу та'аланы өте мейірімді, кешіруші халде табады» делінген.

 

Күнәдан кейін дереу тәубе ету парыз болып табылады. Тәубені кешіктіру үлкен күнә болады. Кешіктіргені үшін бөлек, тағы тәубе ету керек. Лұқман Хаким хазреттері ұлына: «Ұлым тәубені ертеңге қалдырма! Өйткені өлім, кез-келген уақытта келеді» деп насихат еткен.

Бір парызды орындамаудың күнәсі, тек сол парыздың қазасын орынғадағанда ғана кешіріледі. Әр күнәнің кешірілуі үшін жүрекпен тәубе ету керек, тілмен истиғфар ету керек және денемен қазасын өтеу керек. Жүз рет «Субханаллаһилазыйм уә бихамдиһи» деп айту, садақа беру және бір күн ораза тұту өте жақсы болады. Хадис шәрифте: «Күнә істеген адам дәрет алып, екі рәкат намаз оқып, сосын истиғфар етсе күнәсі кешіріледі.» делінген.

 

Аллаһу та'ала тәубе еткендерді жақсы көреді, кешіреді. Тәубе еткен адам сол күнәні қайтадан істесе, тәубесі бұзылмайды, екінші рет тағы бір тәубе керек болады. Бір адам, тәубе еткен күнәсі есіне түскенде, сол күнәні істегеніне қуанатын болса, қайтадан тәубе етуі керек болады. Ақы иелеріне ақыларын төлеу немесе разылықтарын алып халал еттіру, ғайбат еткен адамынан кешірім сұрау және разылығын алу, орындамаған парыздарының қазасын орындау – парыз болып табылады. Бұлар тәубенің өзі емес, шарты ғана. Он теңгені иесіне қайтарып беру, мың жыл нәпіл ғибадат орындаудан және жетпіс нәпіл қажылықтан жақсы.

Бұл күнәні тағы бір істеп қойсам, тәубәм бұзылады деп, тәубе етпеу дұрыс емес, бұлай ойлау надандық болады, бұл – шайтанның алдауы. Әр күнәдан кейін дереу тәубе ету парыз болады. Тәубені бір сағат кешіктірген кезде күнә екі еселенеді.

 

Имам Раббани хазреттері былай дейді: «Күнәларына тәубе ету барлық адамға фарз айн. Ешкім тәубедан құтыла алмайды. Қалай құтылсын, пайғамбарлардың барлығы тәубе ететін еді. Пайғамбарлардың соңғысы және ең үстемі болған Мухаммед алейһиссалам: “Жүрегімде әнуари илаһияның (илаһи нұрдың) келуіне кедергі болатын перде пайда болады. Сондықтан, күнде жетпіс рет истиғфар етемін” деген.

Істелген күнәға құл ақысы араласпай, тек Аллаһу та'ала мен өзі (құл) арасында болса, мұндай күнәларға тәубе ету - өкінумен, истиғфар оқумен, Аллаһу та'аладан ұялып, қысылып, Одан кешірім сұраумен орындалады. Парыздардың біреуін тәрк еткен болса, тәубе ету үшін, айтылғандармен қоса, тәрк еткен парызының қазасын да орындау керек болады.

Күнәда құлдың ақысы да бар болса, бұл күнәға тәубе ету үшін, құл ақысын дереу өтеп, ол адаммен халалдасып, оған игі дұға ету керек. Ақының, мүліктің иесі өлген болса, оған дұға, истиғфар етіп, ақысын балаларына, мұрагерлеріне төлеу керек, бұларға жақсылық жасау керек. Балалары, мұрагерлері белгісіз болса, мүлікті, ақшаны кедейлерге садақа ретінде беріп, сауабын ақы иесіне және қорлық көргенге ниет ету керек.»

 

Тәубе еттім деп айту тәубе болмайды. Өйткені, тәубенің сахих болуы үшін үш шарт керек: 1- Күнәні дереу тәрк ету керек. 2- Күнә істегеніне Аллаһу та'аладан қорққаны үшін, ұялып, өкінуі керек. 3- Бұл күнәні енді қайта істемеуге шешім қабылдау, көңілден сөз беру керек.

Аллаһу та'ала шарттарына сай жасалған тәубені қабыл ететініне сөз берген. Абдуллаһ бин Мәназил хазреттері былай дейді: “Аллаһу та'ала түрлі ғибадаттарды білдірді. Сабырды, сыддықты (сенімділікті), намазды, оразаны және сәре уақытында истиғфар, тәубе етуді бұйырды. Истиғфарды ең соңында айтты. Осылайша құлға, барлық ғибадаттарын, жақсылықтарын кем көріп, барлығына кешірім тілеуі керек болды.”

Күнә істегенде дереу тәубе ету керек. Жасырын істелген күнәнің тәубесі жасырын болады. Ашық істелген күнәнің тәубесі ашық болады. Тәубені кешіктірмеу керек. Кирамән катибин (күнәмен сауапты жазатын) періштелер күнәні дереу жазбайды. Тәубе етілсе мүлдем жазбайды. Тәубе етілмесе жазады. Жафар бин Синан хазреттері «Күнәға тәубе етпеу – бұл күнәні істегеннен де жаман» деген.

 

Дерттердің, бәлелердің кетуі үшін, истиғфар оқу өте пайдалы болады. Хадис шәрифте: «Истиғфар айтуды әдетке айналдырған, көп оқыған адамды, Аллаһу та'ала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны күтпеген жерден ризықтандырады.» делінген.

Ахмет Зәррук хазреттері: «Адамды опат қылатын нәрсе күнә істеу емес. Күнәні жалғастыру, тәубені тәрк ету опат қылады.» деген.

Қорыта айтқанда, бір жағынан күнә істеп, бір жағынан «Әстағфируллаһ» деу – истиғфар болмайды. Негізгі истиғфар – Аллаһу та'аланың әмірлеріне мойынсұну, тыйым салған нәрселерінен тыйылу, күнәларды тәрк ету болып табылады.