1 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     3 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Терминдер / Сафа және Мәруа

Сафа және Мәруа

Қағба-и муаззамның жанындағы екі төбешіктің аты. Қажылық және умра кезеңінде саи деп аталатын қажылық міндетін атқарғанда Сафа төбешігінен кейін Мәруа төбешігіне шығылады.

Аллаһу та’ала Құран кәрімде былай деген:

«Күмәнсіз Сафа мен Мәруа Аллаһтың шәаирынан (Аллаһу та’алаға ғибадат етуге себеп болған нышандардан, белгілерден).  Кімде-кім Бәйтті (Қағбаны) қажылық немесе умра ниетімен зиярат етсе, бұларды (Сафа мен Мәруаны) әдемілеп тауаф етуінде күнә жоқ.» (Бақара сүресі 158)

«...Ибраһим алейһиссалам Исмаил алейһиссалам мен анасы Хажарды (Ажар) Меккеге қалдырып кеткенінде азық-түлігі мен сулары таусылды. Баласына су іздеу үшін алдымен Қағбаның жанындағы Сафа төбешігіне шықты. Сосын аңғарына қарсы тұрып қарады. Ешкімді көре алмаған соң төменге түсіп, аяғына кедергі болмасын деп көйлегінің етегін жинап, мүшкіл жағдайдағы адамша тезірек жүгірді. Соңында аңғардан өтіп, Мәруа төбешігіне келді. Ол жерде де біраз тұрып, біреу-міреу көрініп қалар деп қарап еді ешкімді көре алмады. Хажар осылайша Сафа мен Мәруаның арасында жеті рет жүгіріп өтті. Міне, осы себепті қажылар Сафа мен Мәруа арасында саи етеді. Хажар соңғы рет Мәруа үстіне шыққанда бір дауысты естіп, жақсылап тыңдағаннан кейін қазіргі зәмзәм құдығының орналасқан жерінде бір періштені (Жәбірейл алейһиссаламды) көріп, дереу сол жерге барды...» (Хадис шәриф – Сахих Бұхари)

Қажылық уәжіптерінің бірі – Сафа мен Мәруа төбешігі арасында саи еткенде Сафа төбешігінен бастау. Сафа төбешігіне шыққанда Қағбаға бұрылады. Тәкбір, тәһлил және салауат айтылып, қолды иықтың тұсында алға созып, алақандарын аспанға қаратып ашып дұға етіледі. Сосын Мәруаға  барады. Сафадан Мәруаға төрт рет барып, Мәруадан Сафаға үш рет қайтып келеді. (Молла Хусреу)