5 - Шәууал, 1442 жыл.
     17 - Мамыр, 2021 жыл.   



Жаиз

Жаиз сөзі сөйлемде қолданылған орнына байланысты әр-түрлі мағынаға келеді:

1- Жаиз сөзі – көбінесе рұқсат берілген, күнә емес деген мағыналарға келеді. Бірақ бұл жаиз делінген нәрсені жасамау абзал болады.

2- Жасалуы өте жақсы дегенді білдіреді.

3- Жасалуы тәнзиһан мәкрух дегенді білдіреді.

4- Жасалуы тахриман мәкрух дегенді білдіреді.

5- Жасалуы мубах деген сөз.

6- Жасалуы уәжіп дегенді білдіреді.

7- Жасалуы күнә деген сөз.

Енді бұларға бірнеше мысал келтірейік:

1- «Жамағатпен намаз оқығаннан кейін дұғаны күтпестен шығып кету жаиз» делінеді. Күнә емес, шығуына болады, бірақ шықпай дұғаны күту одан да абзал болады деген сөз.

«Құран кәрімді дәретсіз жатқа оқу жаиз» деген де осылай. Күнә емес, бірақ дәретпен оқу одан да абзал болып табылады.

2- «Намазда руку және сәжде тәсбихтерін үштен артық (5,7,9,11 секілді) айту жаиз» дегеніміз өте жақсы болады, мүстаһаб болады деген сөз.

«Дәреті бұзылмаса да әр намаз үшін дәреттің үстінен дәрет алу жаиз» деген де жақсы болады дегенді білдіреді. «Жұма намазында имамның сәһу сәждесін жасамауы жаиз болады» деген де осылай.

3- «Шарап жасайтын адамға жүзім сату жаиз» делінуі тәнзиһан мәкрух, бір мәжбүрлік болмайынша бұлай жасалмауы жақсы болады, жасалса күнә болмайды дегенді білдіреді. «Күннің астында жылынған сумен дәрет алу жаиз, бірақ тәнзиһан мәкрух» деген де осылай.

4- «Христиан әйелге үйлену жаиз» дегені егер әйел “зимми” болса, тәнзиһан мәкрух, “харби” болса, тахриман мәкрух деген сөз.

(Халифалық дәуірінде, ислам мемлекетінде өмір сүріп жизиа және хараж деп аталатын салық төлеп тұрған кәпір азаматтар зимми деп аталған, ал өз мемлекетінде өмір сүріп ислам мемлекетіне тәуелді болмаған кәпірлер харби кәпір деп аталған.)

5- «Мақтадан тігілген көйлек кию жаиз» дегені, бұлай жасауда немесе жасамауда ешқандай зиян жоқ дегенді білдіреді.

Мұндай мубах амалдар ниетке қарай жақсы немесе жаман болып өзгереді. Мәселен әйелдердің сәнденуі (әшекейлерін тағуы, боянуы) жаиз. Күйеуі үшін сәнденуі жақсы болады, бөтен еркектер үшін сәнденуі жаиз болмайды.

6- «Ауру себебімен жарасынан қан, ірің тоқтаусыз ағатын адамдардың, зәрін ұстай алмайтын адамдардың дәрет және намаздарының бұзылмауы үшін Малики мазһабын тақлид етуі жаиз» дегеніміз жасалуы керек дегенді білдіреді. «Әйел парик тағып көшеге шыға алмайды. Бірақ еркектер арасында басын ашып жүруге мәжбүр болған жағдайда парик киіп басын жабуы жаиз болады» деу де басын ашып жүруі күнә болады, парик киюі шарт дегенді білдіреді.

7- «Әкенің мал-мүлкінің барлығын бір баласына сыйға беруі жаиз болады» дегеніміз сыйды алған балаға мұның еш зияны жоқ, бірақ балаларының арасынан сол баласын бөлектегені, өзгеше тұтқаны үшін әкеге күнә болады деген сөз.